Биыл футболдан 6 бірдей қазақстандық клуб өз алаңындағы ойындарын уақытша басқа қалада өткізуге мәжбүр.
Мәселен, премьер-лигадағы өскемендік «Алтай» мен талдықорғандық «Жетісу» - Алматыдағы «Хан тәңірінің» стадионында өнер көрсетеді. Семейлік «Елімай» Астана-аренада доп тепсе, «Ақтөбе» мен «Атырау» жөндеу жұмыстарына байланысты Түркістан-аренада ойнайды. Сондай-ақ ақтаулық «Каспий» өз кездесулерін Қызылорданың жаңа стадионында өткізеді.
«Сыналдық. Бірақ сынбадық. Керісінше шыңдалдық». Чемпиондық титулынан айырылған Жәнібек Әлімханұлы осындай мәлімдеме жасады. Ол кеше IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы деген атағынан айырылған еді. Артынша әлеуметтік желіде жанкүйерлерге үндеу жасап, алдағы жоспарын бөлісті. Онда бұл сынақтарға берілмейтінін, күресті әрімен қарай жалғастыратынын айтқан. Сондай-ақ допингке қарсы екенін де атап өтті.
Жәнібек Әлімханұлы, кәсіпқой боксшы:
- Мен допингке қарсымын. Мұны бұрын да айтқанмын. Өткен нәрсе өтті, біткен іс бітті. Оны талқылай бергеннен ештеңе өзгермейді. Шешім қабылданды. IBF кетті, WBO қалды. Қазір қалай болғанда да WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионымын. Бұйырса 8 айдан кейін рингке қайта ораламын. Үлкен жорық жалғасады.
Айта кетейік, жерлесіміздің былтыр қарашада тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған болатын. Артынша VADA ұйымы боксшыға ресми хат жолдап, Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы кездесу өтпей қалды. Қазақстан Кәсіпқой Бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков IBF-тің бұл шешіміне байланысты инстаграм парақшасында мынадай пікір қалдырды.
Рақымжан Ерденбеков, Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті:
- Федерация президенті ретінде айтарым, бұл жағдай Жәнібектің командасы үшін нағыз сабақ болды. Дегенмен ол биыл үлкен рингке бұрынғыдан да мықты болып оралады деп сенемін. Жәнібек алдағы уақытта әлемнің төрт негізгі чемпиондық белдігін де жеңіп алады.
Елена Рыбакина ширек финалда
Теннистен Елена Рыбакина АҚШ-тағы Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шықты. Ол 1/8 айналымда әлемнің 54-ші ракеткасы саналатын ұлыбританиялық Сонай Карталмен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қос сет қорытындысы бойынша 6:4, 4:3 есебі тіркелді. Айта кетейік, жерлесіміз осыған дейін америкалық және украниналық теннисшілерді жарыстан шығарған еді. Биылғы Индиан-Уэллс турнирінің жалпы жүлде қоры 10 млн доллар. Жеңімпаз спортшы 1,5 млн доллар көлемінде сыйақы алып, рейтингілік мың ұпайға ие болады.
Төрешілердің әр ойынға алатын гонорары
Футболдан қазақстандық төрешілердің әр ойынға қанша қаражат алатыны белгілі болды. Яғни биылғы маусымда ішкі біріншілікте қазылық ететіндердің гонарары жарияланды. Мәселен, бас төреші 713 мың теңге, төрешінің көмекшісі 396 мың, VAR төрешісі 340 мың алса, VAR ассистентінің еңбегі 283 мың теңгеге бағаланған. Сондай-ақ, VAR операторы 155 мың, қосалқы төреші 62 мың, инспектор 255 мың алса, ойын делегатының гонорары 150 мың теңге деп көрсетілген. Айта кетейік, биылғы ел чемпионатында 16 команда өнер көрсетіп жатыр.
Бас төреші – ₸713 514
Төрешінің көмекшісі – ₸396 396
VAR төрешісі – ₸339 768
VAR ассистенті - ₸283 140
VAR операторы - ₸155 728
Қосалқы төреші - ₸62 292
Инспектор - ₸254 826
Ойын делегаты - ₸150 000
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #футбол #бокс #спорт #Жәнібек Әлімханұлы #Елена РыбакинаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz