Елімізде соңғы жылдары параспортқа ерекше көңіл бөліне бастады.
Нәтижесінде Паралимпиадада жүлделі орандардан көрініп жүрміз. Спортшылардың дайындығына жауапты мамандар осылай деп отыр. Ұлттық құрама соңғы қатысқан үш Паралимпиадада төрт медальға қол жеткізді. Мемлекет басшысы да байрақты бәсекеде жүлдегер атанған спортшыларды жеке құттықтап, құрмет көрсетіп жатыр. Яғни елімізде ерекше жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалып, тең мүмкіндік берілген.
Қазақстандық Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Отандасымыз пара биатлон жарысында алдына жан салмай, 4,5 шақырымдық із кесу жарысында межені 9 минут 39 секундта бағындырды. Алайда бұл еліміздің паралимпиададағы алғашқы жүлдесі емес.
Ержан Нұрбеков, дене мүмкіндіктері шектеулі спорттық даярлау орталығының паралимпиадалық спорт бөлімі басшысы:
- 1994 жылдан бері қысқы Паралимпиада ойындарына Қазақстан қатысып келеді. Сол осы паралимпиадаларда қазақстан еншісінде үш медаль болған. 94 жылы Воробьева деген пара шаңғыдан күміс алған. Сосын 2018 жылы Колядин алтын алды. 22 жылы Александр Герлиц қола алған. Қазір сол Герлиц сол жақта жүр. Бұл оның үшінші Олимпиадасы.
Енді бұл жүлделерге Ербол Хамитовтың алтыны мен қоласы қосылды. Яғни, әзірге ел қоржынында паралимпиада ойындарының бес медалі бар. Жарыс әлі жалғасып жатқанын ескерсек, жүлде саны көбеюі мүмкін. Соңғы жылдары құраманың нәтижелі өнер көрсетуіне параспортқа баса көңіл бөлінуі себеп дейді мамандар.
Ержан Нұрбеков, дене мүмкіндіктері шектеулі спорттық даярлау орталығының паралимпиадалық спорт бөлімі басшысы:
- Біздің бүкіл облыс орталықтарында дене мүмкіндігі шектеулі клубтар бар. Мектептер бар. Өздеріңіз білесіздер, жыл аяғында астанада инклюзия орталығы ашылды. Келешекте бүкіл облыс орталықтарында ашылатын болады. Қазір Ақтөбеде ашылды биыл. Қызылордада, тағы да басқа аймақтарда ашылып жатыр және де басқа спорт нысандарында да дене мүмкіндігі шектеулі, бастап келе жатқан, спортшы болам деген балаларға бейімдеп, жағдай жасалып жатыр.
Сонымен қатар параспортшылар халықаралық додалар алдында түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, шетелдік атлеттермен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ дәрі-дәрмек, дәрумендермен толық қамтамасыз етіліп, тәжірибелі мамандардың көмегін алады.
Серік Селеубайұлы, Ержан Рахманбердиев
Тегтер #Қазақстан #параспортшы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz