RU
Толық нұсқаға өту

Ербол Хамитов елге оралды

17.03.2026, 10:30 47

Бүгін Алматыда үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты басталады. Жарыста қарапайым спортшылардан бөлек, ұлттық құрама өкілдері де сынға түседі.

Арасында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Зәуреш Ақашева сынды ел үздіктері бар. Олар жекелей, командалық, жұптық және аралас жұптар санатында сынға түсіп, медальдарды сарапқа салады. 

Италиядағы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов елге оралды. Оны Астана әуежайына жиналған жанкүйерлер құшағын ашып, шашуын шашып, ерекше ыстық ықыласпен күтіп алды. Отандасымыз биатлоннан 4,5 шақырымдық із қуу сайысында бақ сынап, топжарған болатын. Уақыт көрсеткіші - 9 минут 39 секунд.

Айта кетейік, бұл Ерболдың Паралимпиада ойындарындағы екінші жүлдесі. Осыған дейін пара шаңғы жарысынан 1500 метр қашықтықтағы классикалық спринтте қола медаль еншілеген еді.

Ербол Хамитов, Паралимпиада ойындарының чемпионы:

- 2 ай бұрын Мемлекет басшысына уәде бердім, Әнұранымызды шырқатамын деп. Сөзімде тұрдым. Командама, бапкерлеріме, медициналық персоналға алғысымды білдіремін. Маған сенім артып, жанкүйер болған барша Қазақстан халқына алғысымды білдіремін.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Ербол парабиатлоннан еліміздің тарихын жаңартып, тұңғыш алтын медальді сыйлады. Бұл - тарихи жетістік. Және бір Олимпиадада 2 медаль алған тұңғыш спортшы. Осы Паралимпиада ойындарында біз жалпы командалық есепте 18-орын алып отырмыз. Бұл үлкен жетістік.

А.Бублик әлемдік рейтингте төмендеді

Теннистен еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик үздік ондықтан шығып қалды. Ол жаңартылған АТР рейтингінде бір сатыға төмендеп, 11-ші орынға жайғасты. Бұған АҚШ-тағы Индиан-Уэллс турниріндегі сәтсіздігі себеп. Жерлесіміз жарыстың үшінші айналымында аустралиялық теннисшімен кездесіп, ұтылған болатын. Сәйкесінше ұпай жоғалтып, көрсеткіші төмендеді.

Дәл қазір испандық Карлос Алькарас ерлер арасында көш бастап тұр. Екінші орынға италиялық Янник Синнер көтерілсе, әйгілі сербиялық Новак Джокович үздік үштікті түйіндеп тұр.

Қазақстан Премьер-лигасы: 2-тур қорытындысы

Дастан Сәтбаевтың голы «Қайратқа» жеңіс сыйлады. Кеше футболдан Қазақстан Премьер-лигасы аясында 2-ші тур ойындары өтті. Алматылықтар өз алаңында «Ақтөбені»қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз голдың авторы – Дастан Сәтбаев.

Ал «Астана» мен «Қайсар» клубтары 0:0 есебімен тең тарқасса, «Алтай» мен «Елімай» арасындағы шығыстық дербиде 1:1 есебі тіркелді. Сондай-ақ елордалық «Жеңіс» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыға» 0:2 есебімен есе жіберді. Одан бөлек «Тобыл» – «Жетісу» матчы 2:2, «Ертіс» пен «Атырау» ойыны 1:1 есебімен тең аяқталды.

Дәл қазір турнирлік кестеде «Қайрат» 6 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр. Екінші орында Астана болса, үшінші орында Ордабасы келе жатыр.

Шорт-тректен ел біріншілігі өтеді

Астанада шорт-тректен және конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған ел үздіктері соның ішінде халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар қатысады. Бұл біріншілік маусымның соңғы кезеңі болып саналады әрі үздік атлеттерді анықтауға мүмкіндік береді.

Жарыс «Алау» мұз сарайында өтеді. Алдымен 17-19 наурыз аралығында конькимен жүгірушілер бақ сынаса, 19-22 наурызда шорт-трек шеберлері өнер көрсетеді. Жанкүйерлер үшін кіру - тегін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz