RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда көкпардан Әлем чемпионаты өтіп жатыр

18.03.2026, 10:30 45

Жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатында ел намысын кім қорғайтыны белгілі болды. Желаяқ Нора Джеруто жаһан біріншілігінде Қазақстан атынан жалғыз өзі өнер көрсетеді.

Жарыс 20-22 наурыз аралығында Польшаның Торунь қаласында өтеді. Ол 3 мың метрлік бәсекеде бақ сынайды.

Түркістанда көкпардан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Әзірге алғашқы күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен кездесіп, 8:4 есебімен басым түсті. Ал Өзбекстан Қытайға жауапсыз 10 салым салса, Ресей Монғолияға 3-еу, Ауғанстан Мажарстанға жауапсыз 14 салым салды. Енді бүгін көкпаршыларымыз топтық кезеңдегі екенші ойынын Қытайға қарсы өткізеді.

Айта кетейік, Әлем біріншілігіне 9 мемлекет қатысып жатыр. Іріктеу кезеңдері 20 наурызға дейін жалғасады. Әрі қарай жартылай финалдық және финалдық ойындар өтеді.

Нұрдәулет Момынов, Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Біз үшін Әлем чемпионаты өте маңызды. 9 жыл бойы осыны күттік. Алғашқы Әлем чемпионатында біраз шабандоз ойнай алмай, өзім де ойнай алмай қалған кезде болды. Азия чемпионы болсақ та, Әлем чемпионы бола алмай кеттік. Сол себептен бұл керек болды. Мысалы, Құрманбек Тұрғанбек Әлем чемпионатында мықтылығын көрсетіп, Әлем чемпионы болсам деген бір арманы бар еді. Абылайхан Нышанбек Әлем чемпионы болған. Тағы бір бағын сынап көріп жатыр.

Осы орайда көршілес қырғыз көкпаршыларының Әлем чемпионатына келмеуі біраз дау туғызды. Қазір әлеуметтік желілерде осыған қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме өріп жүр. Халықаралық Көкбөрі федерациясының бас хатшысы мынадай ресми мәлімдеме жасады.  

Кубатбек Аскарбеков, халықаралық Көкбөрі федерациясының бас хатшысы:

- Қазақстан Көкпар федерациясының өкілдері Бішкекке 2 рет келді. Қырғызстан Көкбөрі федерациясының өкілдерімен кездесті. Бізде Наурыз қарсаңында арнайы жарыс өтеді. Сол жерде ұлттық құрама жасақталады. Сондықтан Түркістандағы Әлем чемпионатына келе алмады. Басқа себеп жоқ.

Бокстан Азия чемпионаты басталады

Тура 10 күннен кейін бокстан Азия чемпионаты басталады. Сары құрлық бәсекесі Монғолияның Улан-Батор қаласында өтеді.

Жарыс World Boxing ұйымы аясында ұйымдастырылады. Қазір ұлттық құрамдағы боксшылар қызу дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бас бапкердің нақты кімдерді апаратыны жақын арада белгілі болады. Азия чемпионаты 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында өтеді.

Мерей Ақшалов, Қазақстан Бокс федерациясының бас хатшысы:

- Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылы бізде 6 алтын болған еді. Одан кейін 2018-де 2 күміс болды. 2023-те 1 күміс, 1 қола алды ұлдар. Алтын болмады. Қазір алтын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оны бас бапкер де, құрама бапкерлері бәрі біледі. Сондықтан биыл алтын болады деп сенеміз, үміттенеміз. Алтын үшін барымызды саламыз.

Файтерлеріміз Азия ойындарына барады

Ташкентте аралас жекпе-жектен алдағы мамыр айында Азия чемпионаты өтеді. Жарыс жеңімпаздарының Жапониядағы Азия ойындарына қатысу мүмкіндігі жоғары. Мұны Мәжіліс депутаты әрі Alash Pride-тің президенті Данияр Қасқарауов хабарлады.

Бұл қазақстандық ММА жауынгерлері үшін өз әлеуетін көрсететін тарихи мүмкіндік. Себебі жақында аралас жекпе-жек спорты Азия ойындарының құрамына ресми түрде қосылған болатын.

Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Токиода өтетін Азия ойындары құрлықтағы үздік жауынгерлерді анықтайтын маңызы жоғары дода. Сондықтан бұл жарыс қазақаралас жекпе-жегінің деңгейін тұтас сары құрлыққа танытатын үлкен алаң болмақ. Қазір бізді өзге елдер түрлі лигаға бөліп қарамайды. Керісінше қазақ аралас жекпе-жегі деп біледі. Жарыс екі санатта яғни заманауи және дәстүрлі бағытта 6 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz