RU
Толық нұсқаға өту

World Boxing ұйымы үздік боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады

19.03.2026, 10:05 122

Қазақстандық 2 мәнерлеп сырғанаушы алдағы Әлем чемпионатында өнер көрсетеді. Онда ұлттық құрама атынан әйелдерден Софья Самоделкина мен ерлерден Диас Жиренбаев бақ сынайды.

Бұл туралы Ұлттық Олимпиада Комитеті мәлімдеді. Ал Михаил Шайдоров тығыз жарыс кестесінен кейін қалыпқа келуді жөн көрген. Әлем біріншілігі 25-29 наурыз аралығында Чехияның Прага қаласында өтеді.

6 боксшымыз көш бастап тұр

World Boxing ұйымы үздік боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Тізімге қазақстандық 30 былғары қолғап шебері енген.

Оның 15-і ерлер, қалған 15-і әйелдер құрамасында өнер көрсетеді. Соның 6-уы өз салмақтарында көш бастап тұр. Мәселен, 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Санжар Тәшкенбай, 55 келіде Махмұд Сабырхан, 70 келіде Төрехан Сабырхан, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай бірінші орында тұр. 

Ал бұрымдылардан 65 келіде Аида Әбікева мен 70 келідегі Наталья Богданова үздік деп танылған.

Айта кетейік, World Boxing жаңадан халықаралық ұйым. 2023 жылы сәуір айынды құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты - олимпиадалық боксты басқарып, бұл спорттағы ашықтықты арттыру. Дәл қазір оны отандасымыз Геннадий Головкин басқарады.

Халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр

Бокстан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Дәл қазір ерлеріміз Түркістан облысында халықаралық бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Оған Өзбекстан, Түркіменстан, Германия және Түркия боксшылары келген. Әзірге сары құрлық бәсекесіне кімдер баратыны белгісіз.

Жарыс 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Монғолияның Улан-Батор қаласында өтеді. Одан кейін 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастайды. 

Нұржан Насанов, Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері:

- Құрлықтық додаға дейін бірнеше елмен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Әрі қарай жыл басынан бергі жарыстар мен жаттығуларда өзін жақсы көрсете білген боксшыларды Азия чемпионатына апарамыз. Бұл - World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық біріншілігі.Көкпардан Әлем чемпионаты жалғасуда 

Түркістанда көкпардан Әлем чемпионаты жалғасуда. Екінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан Қытай құрамасын 9:6 есебімен ұтты. Монғолия Мажарстанға жауапсыз 10 салым салса, Ауғанстан Ресейді 5:0 есебімен жеңді. 

Бүгін топтағы соңғы іріктеу ойындары өтеді. Қазақ көкпаршылары сағат түскі 2-де Өзбекстан құрамасымен кездеседі.

Айта кетейік, Абылайхан Нышанбек Әлем біріншілігіндегі ең жылдам салым авторы атанды. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ойынның 15-ші секундында есеп ашты.

Футзалшыларымыз есе жіберді

Футзалдан Қазақстан әйелдер құрамасы іріктеу кезеңін сәтсіз бастады. Отандастарымыз 2027 жылғы Еуропа чемпионаты аясындағы алғашқы ойынын Чехияға қарсы өткізіп, 2:7 есебімен ұтылып қалды.

Ұлттық құрама сапынан Әсем Қаражанова мен Жансая Әубәкір ғана мергендік танытып, гол соқты.

Футзалшыларымыз А тобында сынға түсіп жатыр. Онда Чехиядан бөлек Беларусь пен Норвегия құрамалары бар.

Іріктеу ойындары 22 наурызға дейін жалғасады. Енді олар бүгін алаң қожайындары Норвегиямен кездессе, 21-і Беларусьпен шеберлік байқасады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz