RU
Толық нұсқаға өту

Семейде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар басталды

20.03.2026, 13:45 46

Семейде Ұлттық спорт күні қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық және садақ атудан сайыстар басталды. Оған өңірдің әр түкпірінен келген спортшылар қатысып жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Біз Семейдегі садақ ату орталығында тұрмыз. Ұлттық спорт күніне арналған жарыстардың ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Барлық алаңда қызу бәсеке жүріп жатыр. Садақ атудан облыстық ашық турнирде 20-ға жуық жас спортшы шеберлігін көрсетіп жатыр. Ал өзге алаңдарда қазақ күресі, тоғызқұмалақ және асық атудан бәсеке көрігі қыза түскен. Қатысушылардың қатарында тәжірибелі спортшылар да бар. Сондықтан бәсекелестік жоғары.

Болат Ақжігітов, Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының директоры:

- Дәстүрлі садақ атудан спортшыларымыз нақты осы Семей қаласында ересектер арасында жақсы дамып келеді. Сонымен қатар жасөспірімдерді резервті айтатын болсақ Көкпекті ауданы, Аягөз ауданы, Бородулиха және Жезкент кентінен көптеген спортшыларымыз сол жақтан шығып жатыр. Жалпы онкүндік Наурызнама аясында бүгін ұлттық спорт күні. Соның аясында дәстүрлі садақ атудан, тоғызқұмалақтан, асықтан және қазақ күресінен жарыстар өтуде.

Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер марапатталып, медальдар мен мақтау қағаздары табысталады. Жалпы бұл шаралар Наурызнама аясындағы ауқымды мерекелік бағдарламаның бір бөлігі ғана. Алдағы күндері көкпардан тартысты бәсекелер, дзюдо турнирлері, түрлі шығармашылық байқаулар мен көпшілікке арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Ұлттық спортты ұлықтаған мұндай шаралар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух дарытып, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға ықпал ететіні сөзсіз, дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz