Жас футболшыларымыз тарихи жетістікке біртабан жақындады. 19 жасқа дейінгі ұлттық құрамамыз Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Румыния командасын жеңді. Қорытынды есеп - 2:0.
Абылайхан Төлеухан мен Азамат Тұяқбаев мергендігімен көзге түсті. Енді алда Украина және Ирлания құрамаларымен кездесулер бар. Егер жеңіс жолы жалғасып жатса, қазақ балалары құрлықтық додаға жолдама алады. Отандық спортқа қатысты өзге жаңалықтармен әріптесім Аслан Қаженов таныстырады.
Ең үздік боксшыларымыз Азия чемпионатына аттанды. Бірер күннен кейін Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында жылдың басты бәсекелерінің бірі өтеді. Оған 20 бірдей спортшымыз қатысады. Яғни ерлер арасында 10, әйелдер арасында 10 былғары қолғап шебері бақ сынайды. Әсіресе ерлер құрамасы тыңғылықты іріктелді. Бірер ай бұрын тізгінді алған бас бапкер Нұржан Насанов барлық жігітті халықаралық жарыстарға апарып, ерекше көзге түскендерін және жақсы нәтиже тіркегендерін құрамаға қабылады.
Атап айтқанда, 50 келіде Санжар Тәшкенбай, 55 келіде Махмұд Сабырхан, 60 келіде Оразбек Асылқұлов, 65 келіде Ертуған Зейнулинов, 70 келіде Төрехан Сабырхан, 75 келіде Сабыржан Аққалықов, 80 келіде Ерасыл Жақпеков. 85 келіде Нұрбек Оралбай, 90 келіде Сағындық Тоғамбай, ал, аса ауыр салмақта команда капитаны Айбек Оралбай жұдырықтасады. Барлығы дерлік тәжірибелі. Тіпті ұлттық құрамада алты бірдей Әлем чемпионы бар. Ел намысын қорғайтын жігіттер кеше кешкісін жолға шықты. Олар Ұланбатыр қаласында бірер күн жаттығуды пысқытайды. Азия чемпионатының өзі 30 наурызда басталып, 10 сәуірге дейін жалғасады.
Стенд атудан Әлем кубогін қабылдаймыз
Әлем үздіктері Алматыға жиналады. Нақтырақ айтқанда, Алматы іргесіндегі Александр Асанов атындағы спорттық алаңда стенд атудан Әлем кубогы өтеді. Байрақты бәсеке 2-11 мамыр аралығында болады деп жоспарланып отыр. Айтулы жарысқа 70 елден 500-ден аса қатысушы жиналады. Олар стенд атудың скит және трап бағыттарында өзара мықтыны анықтайды.
Жарыс бағдарламасы бойынша, жекелей және аралас сындар өтеді. Бас-аяғы 8 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Әлемдік аламанда еліміздің ең үздік сұрмергендері өнер көрсетеді. Бірақ ұлттық құраманың нақты тізімі жарияланбады. Ел намысын қорғайтын қыз-жігіттердің есімі жарыс жақындағанда шығады.
«Жалпы қазақстандық тараптың осындай деңгейдегі жарыстар өткізуде үлкен тәжірибесі бар. Бұл, біріншіден, ел иммджіне оң ықпал етеді. Екіншіден, спортшылардың, әсіресе, жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстыруға керемет мүмкіндік», - дейді мамандар.
Көкпардан Азия чемпионаты өтеді
Қазақ және қырғыз көкпаршылары нейтралды алаңда кездеседі. Бірер күннен кейін Өзбекстанның Бұхара қаласында ұлттық спортымыздан Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Оған Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан Қытай, сияқты елдерден командалар келеді.
Бұған қоса, жарыстың басты фавориттері Қазақстан және Қырғызстан жігіттері қатысады. Қос тарап та өздерінің аттарын апаруды жоспарлап отыр. Осы арқылы көкпардың дамуын жаңа деңгейге көтеріп, насихатын күшейтуді көздейді. Азия чемпионатының өзі 27-29 наурыз аралығында болады.
Айта кетейік, бірер күн бұрын Түркістан қаласында көкпардан әлем чемпионаты өтті. Бірақ оған қырғыз елінің жігіттері келмеді. Енді жанкүйерлер тағатсыздана күтіп жүрген Қазақстан және Қырғызстан құрамаларының кездесуі Өзбекстанның Бұхара қаласында болады.
Балалар арасындағы халықаралық турнир
Басты фавориттер белглі болды. Астана қаласында футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир жалғасып жатыр. «Астана Кубогы» деп аталатын жарыс жыл сайын ұйымдастырылып жүр және биыл 4 елдің өкілдерін жинады.
Атап атйқанда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстандағы танымал футбол академияларының шәкірттері қатысып жатыр. Іріктеу кезең қорытындысы бойынша, 12 команда арасынан ташкенттік «Пахтакор», мәскеулік «Чертаново», бішкектік «Әбдіш ата» және алматылық «Қайрат» командалары үздік шығып, бас жүлдеге таласатынын анық байқатты. Бұған қоса, ширек финалға «Жеңіс», «Ертіс», «Астана» және №8 спорт мектебінің командалары жолдама алды. Халықаралық турнир 28 наурызға дейін жалғасады. Бұндай форматтағы бәсекелер футболға алғаш қадам жасаған балалардың қарым-қабілетін нығайтып, болапшақ чемпиондар даййындауға көмектеседі дейді мамандар.
Тегтер #Азия чемпионаты #футбол #ұлттық құрама #көкпар #әлем чемпионатыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz