Түркістанда қазақ күресінен Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 400-ден астам балуан 4 күн бойы боз кілемде белдесіп, өзара мықтыларды анықтады.
Жалпы командалық есепте Абай облысының спортшылары топ жарды. Қарағанды екінші орынға жайғасса, Қызылорда үздік үштікті түйіндеді.
Астанада семсерлесуден әлем кубогы кезеңі аяқталды. Отандастарымыз үш күнге созылған жарыста тек бір медальмен шектелді. Ұлттық құрама сапынан Руслан Курбанов жекелей сайыста финалға дейін жетіп, күміс еншіледі. Ол ақтық сында украниналық спортшыға 13:15 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ семсерлесуден ерлер құрамасы командалық сайыста үздік 4 елдің қатарынан көрінді. Олар әуелі Аустралия, Польша, АҚШ-ты жарыс жолынан шығарды. Алайда жартылай финалда франциялық семсершілермен жолығып, ұтылып қалды. Ал қола медаль үшін болған кездесуде жапониялық спортшыларға жол берді. Айта кетейік, халықаралық жарысқа 60-қа жуық елден 500-ден астам спортшы қатысты. Әлем кубогы кезеңі Қазақстанда алғаш рет өтті.
Руслан Курбанов, семсерлесуден ұлттық құрама мүшесі:
- Жарақатыма байланысты жарысты тоқтатамын деп ойладым. Алайда біз бас бапкер Александр Горбачукпен ақылдасып, соңына дейін барамыз деп, тәуекел шешім қабылдадық. Сәйкесінше, сол сенім ақталып, күміс медаль еншіледім. Жанкүйерлердің қолдауын ерекше сезіндім. Ондайға мүлде үйренбегесін аздап ыңғайсыз болды. Соған қарамастан көрерменнің көңілінен шыққаныма ризамын.
Велоспортшылар үш медаль жеңіп алды
Қазақстан велотректен Азия чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Оның екеуі күміс, біреуі қола. Әуелі әйелдерден жекелей сында Рината Сұлтанова үздік үштіктен көрінсе, ерлерден Әлішер Жұмақанов ұпай көрсеткіші бойынша топтық жарыста екінші орынға табан тіреді. Одан бөлек, Элит санатындағы 50 шақырымдық мэдисон жарысында Рамис Дінмұхамедов пен Илья Карабутов мәре сызығын екінші болып кесті. Қоржындарында 82 ұпай бар. Бұл сында Жапония 104 ұпаймен топ жарса, Қытай 65 ұпаймен қолаға қол созды. Азия чемпионаты 31 наурызға дейін жалғасады. Сары құрлық бәсекесі Филиппинде өтіп жатыр.
Дзюдошылар үш медаль еншіледі
Қазақстандық дзюдошылар Еуропа кубогында үш медаль жеңіп алды. Жерлестеріміз жүлденің үшеуін де жарыстың алғашқы күнінде иеленді. Әуелі ұлттық құрама сапынан 60 келіде Дамир Болатбеков күміспен күптелсе, 73 келідегі Данияр Шамшаев алтыннан алқа тақты. Артынша қыздардан 78 келіден жоғары салмақта Толқын Тұрсынақынова қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, Еуропа кубогы турнирі Хорватияда өтіп жатыр. Оған 32 елден 300-ден астам татами шебері қатысып жатыр.
Тегтер #семсерлесу #Әлем кубогы #ТүркістанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz