Кирилл Курдиди велотректен Азия чемпионатында ел қоржынына алғашқы алтынды салды.
Ол 1 шақырымдық қысқа қашықтықта соңғы жарыс күнінде сары құрлық жеңімпазы атанды. Екінші орынға қытайлық спортшы жайғасса, үздік үштіктен Жапония өкілі көрінді. Осыған дейін элита санатында өнер көрсеткен отандастарымыз бас аяғы 3 күміс, 1 қола жеңіп алған болатын.
Қазақстан жолдастық турнирде топ жарды
Футболдан Қазақстан құрамасы FIFA Series жолдастық турнирінде топ жарды. Жерлестеріміз жарыстың соңғы турында Комор аралдарымен ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голдың авторы - Рамазан Оразов. Футболшыларымыз бұған дейін Намибияны 2:0 есебімен ұтқан еді. Осылайша, Талғат Байсафунов шәкірттері екі матчта да басым түсіп, алғаш рет ұйымдастырылған жолдастық турнирдің жеңімпазы болды. Сондай-ақ ұлттық құрама сапынан Ислам Чесноков жарыстың ең үздік ойыншысы атанды.
Елде жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтеді
Астанада 2030 жылы жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем чемпионаты өтеді. Бұл шешім World Athletics ұйымы кеңесінің 240-шы отырысында қабылданды. Еліміз үшін тарихи маңызы зор жаһан біріншілігі 2030 жылдың 15-17 наурыз күндері аралығында өтеді. Мұндай дәрежеге Қазақстанның спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмысы үлкен септігін тигізіп отыр.
Асхат Хасенов, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті:
- Бұл маңызды белес – жеңіл атлетиканы дамыту жолындағы еңбегіміздің мойындалуы деп білемін. Біз жарысты ең жоғары деңгейде өткізуге ниеттіміз. Чемпионат елімізде де, әлемде де спорттың дамуына қуатты серпін беретініне сенімдіміз.
Бибісара Асаубаева көш бастап тұр
Бибісара Асаубаева шахматтан «Үміткерлер» турнирінде көш бастап тұр. Отандасымыз үшінші кездесуінде жарыс фавориті саналатын блицтен 2 дүркін әлем чемпионы әрі әлемдік рейтингте 2-орында тұрған қытайлық Чжу Цзинерьді ұтты. Ол осыған дейін үндістандық, ресейлік шахматшылармен ойнап, тең түскен болатын. Сәйкесінше қазір 1 жеңіс және 2 тең ойынмен жалпы есепте көш бастап тұр. Айта кетейік, Үміткерлер турнирі айналмалы жүйе бойынша 2 кезеңнен тұрады. Бибісара алда тағы бір қытайлық, үндістандық және ресейлік шахматшылармен кездеседі. Соңынан украиналық спортшымен өзара мықтыны анықтайды. Ал турнир жеңімпазы қазіргі чемпион қытайлық Цзюй Вэньцзюьмен әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне ие болады.
С. Емельянов қатарынан 15 жыл топ жарды
Сергей Емельянов қатарынан 15-ші мәрте ел чемпионы атанды. Ол 1000 метрлік бәсекеде ешкімге дес бермей, мәреге бірінші болып жетті. Дәл қазір Түркістанда байдарка мен каноэде ескек есуден Қазақстан біріншілігі өтіп жатыр. Оған еліміздің 11 өңірінен келген 120 спортшы қатысуда. Жарыс 5 күнге жоспарланған. Ескекшілер 10 бағдарлама бойынша өзара мықтыны анықтап, жүлделерді сарапқа салады. Нәтижесінде Сергей Емельянов олимпиада бағдарламасында бар 1 шақырымдық бәсекеде топ жарды. Ол 2011 жылдан бері дәл осы дистанцияда алтынды ешкімге берер емес.
Сергей Емельянов, ескек есуден 15 дүркін Қазақстан чемпионы:
- Иә, 2011 жылдан бері көктемгі чемпионатта 500 бен 1000 метрлік бәсекелерде ешкімнен жеңілмей келемін. Алдағы уақытта да жеңілмеуге тырысамын. Жыл сайын әр жарыста іштей тағы алтын алу керек деп шығамын. Егер жастар өзін мойындатып, менен басым түсіп жатса сол кезде зейнетке шығу жайлы ойланамын.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #футбол #ескек есу #жеңіл атлетикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz