Қазақ баласы «Барселонада» ойнайтын күнге жеттік. Әйгілі каталониялық клуб небәрі 15 жастағы оралдық өрен Кәрім Меңдіхановпен келісімшартқа отырған.
Бұл туралы Mundo Deportivo басылымы хабарлады. Отандасымыз 2022 жылдан бері Испанияда жаттығады. Ол өткен маусымын Серданьола сапында өткізсе, биыл Сант Кугат қатарында жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Енді қазақстандық жас вингер ресми түрде каталониялықтар сапына қосылып, келесі маусымнан бастап Барселона жейдесінде өнер көрсетеді. Жерлесіміз оң қапталда ойнайтын шабуылшы. Ол өзінің жылдамдығымен, дриблинг шеберлігімен және сенімді ойынымен көзге түскен. Осылайша, Кәрім Меңдіханов Барселона тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанып отыр.
Қазақстандық гимнасттар Әлем кубогында бақ сынайды
Мысырда өтетін халықаралық жарыста Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ыдырысов, Ілияс Әзізов пен Асан Салимов және Алтынхан Темірбек ел намысын қорғайды. Байрақты дода 3-6 сәуір аралығында өтеді. Жерлестеріміз бұған дейін Түркияда өткен әлем кубогы кезеңінде тек 1 медальмен шектелген еді.
Mundo Deportivo, басылымы:
- Испанияның балалар мен жасөспірімдер футболы халықаралық таланттар үшін магнит болуын жалғастырып отыр. Назар аудара бастаған есімдердің бірі – Кәрім Меңдіханов. 2011 жылы туған қазақстандық жас футболшы «Барселонамен» келісімшартқа отырып қойды. Келесі маусымда клубқа қосылады.
«Ақтөбеге» жаңа бас бапкер тағайындалды
«Ақтөбе» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалды. Енді команданы словакиялық маман Штефан Таркович жаттықтырады. Бұл туралы ақтөбелік ұжымның баспасөз қызметі мәлімдеді. Ол осыған дейін Словакия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде бірнеше клубта қызмет етіп, тәжірибе жинаған және Қырғызстан құрамасының тізгінін ұстаған. Дәл қазір «Ақтөбе» клубының ішкі біріншіліктегі жағдайы мәз емес. Олар премьер-лигада 3 ойын өткізіп, соның екеуінде жеңіліс тапты. «Қайратқа» 1:0, «Елімайдан» 4:1 есебімен ұтылған болатын. Турнир кестесінде үш ұпаймен 10-шы орында келе жатыр.
Қазақстан әлемдік рейтингте көтерілді
Қазақстан FIFA Series турниріндегі жеңісінен кейін әлемдік рейтингте жоғарылады. Дәл қазір ұлттық құрамамыз 4 сатыға көтеріліп, 110-шы орынға жайғасты. Қоржында 1182 ұпай бар. Әзірге тізімде Франция, Испания, Аргентина құрамалары көш бастап тұр. Көршілес елдерден Ресей 36-шы орынға табан тіресе, Өзбекстан үздік 50 елдің қатарына енді.
Бокстан Азия чемпионаты өтіп жатыр
Монғолияда бокстан азия чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін шаршы алаңға ұлттық құрама сапынан тек Ертуған Зейнуллинов шығады. Отандасымыз 65 келіде ширек финал жолдамасын тайпейлік боксшымен сарапқа салады. Құрлықтық дода 10 сәуірге дейін жалғасады. Онда ел атынан барлығы 20 боксшы аттанды. Оның 10-ы – ерлер, қалғаны әйелдер арасында өнер көрсетеді. Әзірге бұрымдылардан Жазира Орақбаева мен Элина Базарова жарыс жолынан шығып қалды.
Тегтер #гимнасттар #Әлем кубогы #футбол
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz