Елордада «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы өтті. Науқан аясында зиянды әдеттен бас тартуға келіскен тұрғындарға спорттық құрал-жабдықтар таратылды.
Бұл − дертті тастап, денсаулықты таңдаған алғашқы тұрғын. Қалтасындағы бір қорап шылымнан бас тартып, оны спорттық жабдыққа айырбастады. Оған қоса, жаман әдеттен арылатынын айтып, салауатты өмір салтын ұстануға сөз берді. Мұндай батыл шешімді бүгін ондаған елордалық қабылдады.
Дамир Хисматуллин, Сарыарқа аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Біз денсаулыққа зиянды әдеттен бас тартып ғана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануды, деннің саулығын сақтауды насихаттағымыз келеді. Түрлі спорттық жабдық ұсынамыз. Йогаға арналған төсеніштерден бастап бұқаралық спортқа және жекпе-жек түрлеріне арналған құралдар бар. Танымал блогерлер мен белгілі спортшылардың қатысуымен ұйымдастырылады.
Бұл бастама «Заң мен тәртіп» қағидатына сай келеді дейді ұйымдастырушылар. Мұндай пікірмен тәртіп сақшылары да келісіп отыр. Олардың айтуынша, кез келген жаман әдет қылмысқа жетелейді. Тиісінше, аталмыш науқан тәртіпсіздікті азайтуға көмектеседі.
Серік Кеңесов, Сарырарқа аудандық учаскелік полиция инспекторы:
- Ішіп алған, шегіп алған адам қылмыстық бірінші субьектісі ғой. Былайынша 90-80 пайыз қылмыс ішіп шегіп алғаннан жасалады. Себебі өзіне жауап бермейді. Осындай акция көмектеседі. Біз мәлімет барысында көрсетеміз ғой қандай жазалар болуы мүмкін екенін.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба тұрақты түрде, ай сайын өтіп жатыр. Былтырдан бері Сарыарқа ауданы аумағында дәл осындай 100-ден астам акция өткен. Ерекше бастаманы азаматтардың басым бөлігі оң қабылдады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Қанат Махмутов
Тегтер #спорт #тәуелділік #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz