RU
Толық нұсқаға өту

Cемсерші Н. Жайлыбай әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

03.04.2026, 10:00 62

Қазақстандық семсерші Нұрмұхаммед Жайлыбай әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ол Бразилияда өтіп жатқан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы жаһан біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Бұл аталған жас санаты бойынша ел тарихындағы алғашқы медаль. Отандасымыз іріктеу айналымдарында Сенегал, Мажарстан, Жапония өкілдерін ұтса, артынша ресейлік және америкалық спортшылардан айласын асырды. Жартылай финалда қазіргі Еуропа чемпионы әрі әлемдік рейтингте көш бастап тұрған түркиялық Фуркан Яманнан ұтылып, финалдан тыс қалды. Жерлесіміз тартысты өткен жекпе-жекте 13:15 есебімен қарсыласына есе жіберіп, тарихи қола медальға қол созды.

17 боксшымыз Моңғолиядағы азия чемпионатының ширек финалында өнер көрсетеді. Оның 10-ы ерлер, 7-уі әйелдер арасында жүлдеге таласады. Бүгін ұлттық құрама сапынан ағайынды Сабырхандар шаршы алаңға көтеріліп, жартылай финалдық жолдамаларды сарапқа салады. Әуелі күндізгі сессияда 70 келіде Төрехан Сабырхан есімі қазақ боксшыларына жақсы таныс тәжікстандық Шамшиер Саидовпен жұдырықтасады.

Төрехан Сабырхан, бокстан ұлттық құрама мүшесі:

- Жаттығу барысын өздеріңіз көрдіңіздер өте керемет, көңіл-күйіміз жоғары. Салмақтан ешқандай мәселе жоқ. Алдағы жекпе-жектерді күтіп жүрміз. 69, 71 келі қазақтың салмағы дейді ғой сондықтан бұл салмақта не болса да 1-орын алу керек. Өйткені алдымыздағы ағаларымыздың барлығы бұл салмақта тек бірінші орын алған.

Ал кешкі сессияда 2 дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан жарыс жолына шығады. Оның қарсыласы жастар арасындағы әлем чемпионы өзбекстандық Шахзод Мұзафаров. Қос боксшы осыған дейін Азия чемпионаты мен Елорда кубогінде 3 мәрте жолығып, барлығында да отандасымыз жеңіске жеткен.

Махмұд Сабырхан, бокстан ұлттық құрама мүшесі:

- Дайындығымыз өте керемет. Жақсы спаррингтер болды. Енді 3-і күні боксты бастаймыз. Бұған дейін Моңғолия елінде болғанбыз. 2019 жылы жастар арасында азия чемпионаты болған сол жерде чемпион атанып кеткенбіз. Солай азия чемпионы болып, командалық есепте 1-орын алып қайтамыз деген мақсатымыз бар.

Қазақстан 18 жолдамаға ие болды

Қазақстандықтар жасөспірімдер олимпиадасы алдында 18 жолдамаға ие болды. Яғни отандастарымызға спорттың 11 түрінен қатысуға мүмкіндік бар. Атап өтсек таеквонда, жағажай волейболы, велоспорт, триатлон, семсерлесу, брейкинг, бокс, дзюдо, жүзу және гимнастшылар мен жеңіл атлеттерге беріледі. Әзірге бұл жолдамалар бірде бір спортшының атына бекітілмеген. Қазір федерациялар тарапынан қатысуға ресми растау күтілуде. Биыл 4-ші жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 31 қазан - 13 қараша аралығында Сенегалдың Дакар қаласында өтеді. Африка құрлығында алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр.

ЦИТАТА

Ұлттық Олимпиада комитеті

- Олимпиада жолдамаларын бөлу 1-6 сәуір аралығында Халықаралық Олимпиада комитеті бекіткен қатысу қағидаларына сәйкес халықаралық федерациялармен бірлесіп жүргізіледі. Осы кезең аяқталғаннан кейін жолдамаларды қайта бөлу қарастырылған. Ол 23 мамырға дейін жалғасады. Соның қорытындысы бойынша жас олимпиадашылардың толық құрамы анықталады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz