Дзюдодан Азия чемпионатына баратындардың есімі жарияланды. Құрлықтық біріншілікке ел атынан Шерзод Давлатов, Нұрқанат Серікбаев, Абылайхан Жұбаназар, Нұрлыхан Шархан сынды белгілі спортшылар қатысады.
Жарыс ерлер мен әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Азия чемпионаты 16-18 сәуір аралығында Қытайдың Ордос қаласында ұйымдастырылады.
Балуандарымыз 4 медаль жеңіп алды
Қазақстандық грек-рим шеберлері Азия чемпионатында 4 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, үшеуі қола. Ұлттық құрама сапынан 72 келіде Алматбек Аманбек финалда Иран өкілімен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Сәйкесінше ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Ал қола үшін болған белдесулерде Нұрсұлтан Тұрсынов түркіменстандық балуанды ұтса, Ибрагим Магомадов оңтүстік кореялық спортшыдан айласын асырды. Сондай-ақ, Ислам Евлоев Қытай өкілін қапы қалдырып, қолаға қол созды. Енді Бішкек төрінде әйелдер күресінен жүлделер сарапқа салынуда. Кеше боз кілемге шыққан 5 отандасымыздың екеуі қола жүлдеге таласады.
Алматбек Аманбек, грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшесі:
- Биылғы Азия чемпионатында өз дегенімізге жеттік. Елден тек алтын үшін келдік. Сол үшін осы жолда аянбай еңбек еттік. Бізге жанкүйер болған барша ағайынға алғысым шексіз. Алда елімізде әлем чемпионатына іріктеу турнирі өтеді. Бірақ Азия біріншілігінің алдында аға бапкеріміз олимпиадалық емес салмақта чемпион болған балуандар бірден әлем чемпионатына баратын құрамаға кіреді деді. Енді соған барымызды салып дайындаламыз.
Бүгін бокстан Азия чемпионатының финалында 3 қызымыз алтынға таласады. Ұлттық құрама сапынан алғаш болып 70 келіде Бақыт Сейдіш Үндістан өкілімен өзара мықтыны анықтайды. Артынша 80 келіде Надежда Рябец өзбек спортшысымен жекпе-жекке шықса, аса ауыр салмақтағы Дина Исламбекова үндістандық боксшымен қолғап түйістіреді. Олар шаршы алаңға Астана уақытымен шамамен қазір сағат 10 нан бастап шығады.
Бақыт Сейдіш, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Бар күшімізді саламыз. Біз үшін дұғада болыңыздар. Бұл – менің ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатым. Дайындық өте жақсы. Бұл біздің жаттығумыз.
Надежда Рябец, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Өздеріңіз білетіндей, Азия чемпионаты алдында жоғары деңгейде оқу-жаттығу жиыны өтті. Қыздардың дайындығы мықты болды. Енді соны ақтап, елге қалайда чемпион болып оралуымыз керек. Қазақстанға 3 алтынмен қайтуға тырысамыз. Құрлықтық жарысқа алғаш рет қатысып жатырмын. Бұрын тек жастар арасында Азия чемпионы болдым. Енді ересектер арасында да топ жарғым келеді. Қарсыласты толықтай зерттеп, біліп алдық.
Б. Асаубаева тағы тең ойнады
Бибісара Асаубаева үміткерлер турниріндегі орнын жақсартты. Отандасымыз 9-шы турдың қорытындысы бойынша ресейлік шахматшымен тең ойнап, екеуі де 0,5 ұпайдан еншіледі. Сәйкесінше екеуі жалпы есепте 4 ұпаймен 7-ші орынға көтерілді. Дәл қазір оның еншісінде 1 жеңіс, 6 тең ойын және 2 жеңіліс бар. Ол келесі турда қытайлық спортшымен кездеседі. Әзірге бұл жарыста 6,5 ұпаймен өзбекстандық спортшы көш бастап тұр. Айта кетейік, турнирге 8 шахматшы қатысып жатыр. Әрқайсысы барлығымын 2 реттен ойнап шығады. 28 наурызда басталған жарыс 16 сәуірге дейін жалғасады.
Тегтер #Азия чемпионаты #бокс #дзюдо
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz