RU
Толық нұсқаға өту

Азия чемпионаты: бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы екі алтын иеленді

10.04.2026, 11:35 30

Дзюдодан Азия чемпионатына баратын құрам Астанада ашық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жарыс 16–18 сәуір аралығында Қытайдың Ордоc қаласында өтеді.

Онда ерлерден 9 спортшымыз 6 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Мәселен, 50 келіде Шерзод Давлатов пен Аман Бақытжан, 66 келіде Нұрканат Серікбаев, 73 келіде Есет Қуанов, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар мен Әділет Алмат сынға түседі. Ал 90 келіде Айдар Арапов күрессе, 100 келіде Нұрлыхан Шархан мен Марат Байкамуров ел намысын қорғайды.

Нұрқанат Серікбаев, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:

- Алда өтетін Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Ол жарыста жүлделі орын аламын деген үмітім бар. Сенімім нық. Мен ғана емес бүкіл командамыз жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз. Кешегі әлем чемпионатының финалисі және 3-орын алған тәжік, кәріс, жапон балуандары өте жақсы қарсыластар бар.

Сондай-ақ әйелдер арасында да 9 спортшымыз 6 салмақта өнер көрсетеді. Әуелі 48 келіде Диана Буркеева, 57 келіде Дана Әбдірова мен Бақыт Құсақбаева, 63 келіде Эсмигүл Куюлова мен Самалай Ерғалиева бақ сынайды. Одан бөлек 70 келіде Ажар Асхат, 78 келіде Аруна Жангелдина мен Ақерке Рамазанова және аса ауыр салмақта Аида Тойшыбекова күреседі. Өкінішке қарай, дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова құрлықтық жарысқа қатыспайды.

Әбиба Әбужақынова, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:

- Мен Чехиядағы оқу-жаттығу жиынында иығымды ауыртып алған болатынмын. Қазір арнайы жаттығулар жасап, бұлшықетімді, белімді қалпына келтіріп жатырмын. Енді азия ойындары қыркүйектің аяғында ғой. Мен оған дейін жарысқа шығамын бұйырса. 7-ші немесе 8-ші айда Швециядағы гранд слэмге қатысуым мүмкін. Бапкерлермен ақылдасып, солардың біреуіне қатысып көремін.

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы командалық есепте 2-ші орын алды. Бұрымдыларымыз азия чемпионатында 2 алтын, 1 күміс, және қос қола иеленді. Дина Исламбекова мен Надежда Рябец алтыннан алқа тақса, Бақыт Сейдіш күміспен күптелді. Ал Әйгерім Сәттібаева мен Валентина Хальзова қолаға қол созды. Айта кетейік, командалық есепте Үндістан 4 алтынмен топ жарса, Қытай 2 алтынмен үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан бұл жетістікке негізгі құрамсыз жетті. Ал Өзбекстан құрлықтық додаға бірінші нөмірлі боксшыларын әкелгенімен жоғары нәтиже тіркелмеді.

Бақыт Сейдіш, бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері:

- Қолымнан келгеннің бәрін істедім. Мақсатым ұту болатын. 2-орын емес. Мақсатымды орындай алмай қалдым сәл. Келесі жолы жақсылап дайындалып, 1-орын аламын бұйырса.   

Елдос Сайділдин, бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері:

- Алда азия ойындары бар. Қазір құрамадағы қыздар барлық жерде бокстасып жатыр. Түркия, Черногория, Әзірбайжанда, тағы 6 қызымыз Бразилияда бокстасты. Мына жерде 10 қызымыз солардың барлығын қарап, кім жақсы бокстасты. Алда Қытайда, Америкада, Жапонияда жаттығу жиындарына қатысып, содан іріктіледі. Кім мықты сол азия ойындарына қатысады.

5 боксшымыз алтынға таласады 

Бүгін Моңғолиядағы Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасынан 5 боксшымыз финалда өнер көрсетеді. Әуелі 60 келіде Оразбек Асылқұлов Үндістан өкілімен қолғап түйістірсе, 70 келіде Төрехан Сабырхан иорданиялық, 75 келіде Сабыржан Аққалықов өзбекстандық спортшымен жұдырықтасады. Артынша 85 келіде Нұрбек Оралбай да өзбек боксшысымен алтынды сарапқа салса, аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Қытай өкілімен жекпе-жекке шығады.

Айбек Оралбай, бокстан ұлттық құрама капитаны:

- Жігіттердің 1-ш азия чемпионаты емес. Менің 3-ші азия чемпионатым. Бұйырса барымызды салып, командалық есепте 1-орын алып, елімізді қуанту үшін барымызды саламыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz