RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан құрамасы ірі есеппен жеңіске жетті

14.04.2026, 11:15 44

Ақтау қаласында футзалдан Қазақстан және Әзербайжан құрамалары жолдастық кездесу өткізіп, матч 9:2 есебімен аяқталды.

Ұлттық командадан Біржан Оразов пен Ақеділ Мадияров дубль жасап, Лео Игита, Әбдірасул Әбдуманапұлы, Альберт Ақбалықов, Ақжол Дәрібай және Арнольд Кнауб бір-бір голдан соқты. Енді қос құрама 15 сәуір күні қарымта матч өткізеді. 

Әлем чемпионатында жүлдеге ілікті

Қоржынымызға алғашқы медаль түсті. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында таеквондодан жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қос бірдей қазақ баласы жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, 48 келідегі Ерасыл Ерзат пен 55 келідегі Ислам Медетбай қола жүлдегер атанды. Ерасыл іріктеу кезеңдерінде Армения, Кот-д’Ивуар, Эквадор және Иран өкілдерін жеңді. Алайда жартылай финалда Оман спортшысына жол берді. 

Айта кетерлігі, бұл 16 жастағы Ерасылдың жастар арасындағы алғашқы Әлем чемпионаты және алғашқы жүлдесі.

Ислам Медетбай да Әлем чемпионатында бес жекпе-жек өткізді. Жартылай финалға дейін Таиланд, Италия, Швеция және Мексика өкілдерінен басым түскен болатын. Осылайша ұлттық құрама қоржынына екінші қоланы салды. Жалпы дүниежүзілік додада 20 спортшымыз бақ сынап жатыр. Сәйкесінше алдағы күндері жеңіс жолы жалғасады деп үміттенеміз. Әлем чемпионатының өзі 5 күнге жалғасады. Жарыстың жалпы қорытындысы 17 сәуірде белгілі болады.

Елдос Сайдалин: Физиканы жетілдіру керек

Физикалық дайындыққа баса мән беру керек. Бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Моңғолияда өткен Азия чемпионатын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы нәтиже көңілден шығады. Әсіресе бұл жолы жас боксшыларға көбірек мүмкіндік берілді және олар үмітті ақтады. «Десе де, тәжірибенің аздығы байқалды», - дейді білікті маман. «Ұсақ қателіктер кездесті. Енді сол олқылықтарды түзеп, жүйелі жұмыс жүргізілсе, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетеміз», - деді Елдос Сайдалин olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

Айта кетейік, қазақ қыздары Азия чемпионатында 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алды.

Елдос Сайдалин, Ұлттық құраманың бас бапкері:

- Жетінші мамырдан бастап оқу-жаттығу жиындарын бастаймыз.  Қазіргі таңда осы турнирмен қатар қыздарымыз Бразилияда, Финляндияда, сондай-ақ Түркия мен Әзербайжанда өнер көрсетіп жатыр. Құрама сапындағы әр боксшы тұрақты түрде жарысқа қатысады. Ендігі кезекте физикалық дайындыққа баса мән береміз. Себебі алдағы Азия ойындарына қатысатын спортшыларымыз бабында болуы тиіс.

Жәнібекті рейтингтен алып тастады

Халықаралық бокс федерациясы жаңартылған тізімді жариялады. Өкініштісі, ол жерде қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының есімі жоқ. 

Сонымен қатар дәл осы салмақта яғни орта салмақта IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атақ вакантты күйінде қалып отыр. Жаңартылған рейтингтің бірінші орны да бос. Екінші орынға италиялық Этиноза Олиха, үшінші орынға ирландиялық Аарон Маккенна жайғасты.

Айта кетейік, 11 наурызда Халықаралық бокс федерациясы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы Әлем чемпионы атағынан айырған болатын. Осы шешімнен кейін жерлесіміз IBF-тің ұстанымына қатысты пікір білдіріп, өз көзқарасын ашық жеткізді.

Азия чемпионатында топ жарды

Қоржынымызда 35 медаль. Оның 16-сы - алтын. Тайланд астанасы Бангкок қаласында парапауэлифтингтен Азия чемпионаты өтті. Оған 23 елден 300-ге жуық спортшы қатысты. Араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Қазақстандық қыз-жігіттер өте жақсы нәтиже тіркеді.

Атап айтқанда, әйелдер арасында Снежанна Бойко, Айжан Берімқұлова, Тұрсынай Қабыл, Гүлім Құрманбаевалар, ал ерлер арасында  Фархат Мутунов, Әлібек Нұраш, Ерболат Кәрибай, Ернұр Жаманов, Станислав Шакиев және Әли Галимулиндер жеңіс тұғырына көтерілді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингілік ұпайлар берілді. Ең жоғары ұпай иеленгендер биыл күзде өтетін жазғы Азия параойындарына қатысуға мүмкіндік алады.   

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz