RU
Толық нұсқаға өту

Айым Серікбаева – әлем чемпионы

16.04.2026, 11:35 150

18 дзюдошымыз жүлдеге таласады. Бүгін Қытайдың Ордос қаласында жапон жекпе-жегінен Азия чемпионаты басталады. Байрақты бәсекеге 21 елдің өкілдері қатысқалы жатыр.

Олардың арасында Ұлттық құрама мүшелері де бар. Қазақстан тарапы ең үздік спортшыларын жіберді. Сәйкесінше, жақсы нәтиже болады деп үміттенеміз. 

Көптен күткен алтын. Қазақстандық Айым Серікбаева таtквондодан жастар  арасындағы Әлем чемпионы атанды. Кәріс жекпе-жегі бойынша дүниежүзілік дода Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні 44 келіге дейінгілер арасындағы сындар өтті. Ел намысын қорғаған Айым барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Әсіресе финалда Мексика өкілі Понсе Нуньес Дара Ширлиді 2:0 есебімен жеңді. Осының арқасында араға ұзақ уақыт салып, яғни 20 жылдай уақыт салып, Әлем чемпионатында Әнұранымызды шырқатты. 

Айта кетейік, осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2006 жылы Жалғас Бекқасымов дәл осы биікті бағындырған болатын. Айым аталмыш жетістікті қайтадан жаңғыртты. Бұған қоса, тарихи нәтиже тіркеді. Өйткені қазақ қыздары арасынан алғаш болып, Әлем чемпионы атанып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шәмиев Айымға 10 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындады.

Ташкент қаласындағы Әлем чемпионаты әлі де жалғасып жатыр. Бүгін - кезекті жарыс күні. Сәйкесінше, жеңіс жолы жалғасады деп сенеміз. Дүниежүзілік додаға бас-аяғы 20 спортшымыз аттанды. 

Жаңа VAR жүйесі таныстырылды

Қазақстан Премьер-лигасына жаңа VAR жүйесі енгізілді. Бұл бағдарлама Еуропа чемпионаттарында, әсіресе Англия, Испания, Германия, Италия сияқты елдердің ішкі біріншіліктерінде кеңінен қолданылады. «Енді отандық футболда да аталмыш бейнеқайталау қызмет етіп, матчтың әлдеқайда әділ әрі ашық өтуіне көмектеседі», - дейді мамандар. Өйткені жаңа жүйе даулы жағдайларда миллиметрге дейін нақты көрсете алады. Қазақстан Футбол федерациясының елордадағы кеңсесінде бағдарламаның таныстырылымы өтіп, жай-жапсарлары талқыланды. Айтпақшы, жаңа жүйені енгізудің бағасы да арзан емес. 1,5 миллион долларды құрайды. Бұл шығынды Халықаралық Футбол федерациясы көтереді.

Никита Утробин, Қазақстан Футбол федерациясы VAR жобасының жетекшісі:

- Жаңа жүйені енгізбес бұрын біздің мамандар арнайы оқу курсынан өтті. Яғни жоба авторлары бес күн бойы оны жан-жақты таныстырды. Бастама отандық футболдағы төреліктің ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етеді деп сенеміз. Біз алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жан-жақты сараптама жасап, жаңашылдықтарды енгізіп отырамыз. 

И. Байрамуков: Нәтиже көңілден шықпады

Сылтау іздемей, жұмыс істеу керек. Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков қазақ балуандарының Азия чемпионатындағы нәтижесін қатаң сынға алды. Өйткені биыл бірде-бір еркін күрес шебері финалға шыға алмады. Ұлттық құрама өкілдері құрлықтық додадан екі қоламен ғана оралды. Бұл - отандық күрес тарихындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Осы тұрғыда Ислам Байрамуков қазақстандық федерация ішкі жүйені нығайтып, білікті мамандарды тарту керектігін айтты. «Ұлттық құрама тәжірибе жинайтын емес, нақты жұмыс жасайтын және нақты нәтиже беретін жер болуы керек», - деді ол. Бұған қоса, ел намысын қорғайтын жігіттерді жіті бақылауға алып, керек-жарақпен қамту қажеттігін және сәтсіздік кезінде сылтау іздемей, нақты жұмыс істеу керектігін алға артты.

Ислам Байрамуков, Олимпиаданың күміс жүлдегері:

- Отандық күреске қатаң бақылау керек. Әркім өз бетімен кеткен. Сәйкесінше, әркім өз білгенін жасап жүр. Осы тұрғыда федерация әр спортшының не істеп жатқанын, не жеп жатқанын, қайда жатқанын және оның отбасында не болып жатқанын біліп отырғаны абзал. Алда Азия ойындары келе жатыр. Егер жақсы нәтиже аламыз десек, қазірден кем-кетіктерді ескеріп, олқылықтарды түзеп, жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz