RU
Толық нұсқаға өту

Инклюзивті спортты дамытуға не кедергі?

17.04.2026, 20:13 27

Елдегі спорт нысандарының бір бөлігі ерекше қажеттілігі бар жандарға әлі де қолжетімсіз. Инклюзивті спортты дамытуда жүйелі кедергілер бар. 

Тіпті бұл салада бейімделген білікті кадрлар жетіспейді. Мұны жақында Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді.

Салада түйткілді мәселелер әлі де бар. Жалпы Қазақстанда мүгедектігі бар 740 мыңнан астам азамат тұрады. Дегенмен олардың аз ғана бөлігі бассейндер мен спорт залдарына бара алады. Себебі спорттық нысандардың көбі ерекше жандарға бейімделмеген. Әрі мүгедектігі бар азаматтарды спортқа баулитын арнайы маман тапшы. Дейтұрғанмен Президент бұған дейін талай мәрте еліміздің барлық өңірлерінде инклюзивті спорт орталықтарын салу қажеттігін тапсырған болатын.

Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Талдау көрсетіп отырғандай, кедергі болып отырған кешенді мәселелер бар. Спорт инфрақұрылымдарына қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі күйінде қалып отыр, ол нысандардың бір бөлігінде мүгедектігі бар адамдарға толыққанды пайдалануға мүмкіндік жоқ. Кадрмен қамтамасыз ету де нашар болып отыр. Бейімделу мақсатындағы дене шынықтыру және спорттық медицина саласындағы мамандарды даярлауда бірыңғай жүйе жасалмаған.

Елде инклюзияға бейімделген 16 клуб пен 2 мамандандырылған спорт мектебі бар. Онда 8 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар спортшы жаттығады. Мамандар инклюзивті қоғам қалыптастыруға бұл аздық етеді деп отыр. Бір ғана мысал, кейінгі бес жылда елде аутизмі бар балалар саны үш есе артқан. Қазақстанда 13 мыңдай бала осы диагнозбен тіркеуде тұр. Мұндай дерті бар азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Олар инклюзивті білім беру жүйесімен орта мектепке барып, қарапайым балалармен бірге білім алады. Түрлі секцияларға қатысып, өз қызығушылығына қарай дағдыларды меңгереді. Алайда ата-аналар ерекше балаларының жоғары білім алып, жұмысқа орналасуына тең жағдай жасалмағанына алаңдап отыр. Бұдан бөлек, осындай балаларды оқытатын маман тапшы.

Баян Буюр, Астана қаласының тұрғыны:

- Ахметке «А» типті аутизм диагнозы қойылған. Футбол ойнау басында қиын болды. Тіпті қай қақпаға доп соғу керектігін білмейтін. Басқа балалармен тіл табысу да оңай болады. Алайда кейін бәрін үйренді. Аяқ-қолының бұлшықеттері қатайып, иммунитеті көтерілді. Балам командамен бірге Қарағанды, Алматы қалаларындағы турнирлерге қатысып жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 

Қазір Қазақстан футбол федерациясы мен Болашақ қоры жаттықтырушыларға арналған әдістеме дайындап жатыр. Онда аутизм және даун синдромы бар балалармен қалай жұмыс істеу керек екені толық жазылады. Бүгінде республика бойынша 100-ден астам ерекше бала футбол секциясына қатысады.

Шыңғыс Темерханов, Uni Football League басшысы:

-  Uni Football League жобасы 2,5 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл – аутизм және даун синдромы бар балаларға арналған секциялар. Жоба Қазақстанның 9 қаласында бар. Былтыр біз бірінші республикалық турнир ұйымдастырдық. Оған 10 комнада қатысты. Балалар командада ойнап үйренді. Мұндай балалар үшін әлеуметтік ортаға бейімделу маңызды.

Былтыр елде 4 заманауи инклюзивті спорт кешені жұмыс істей бастады. Президент алдағы уақытта осындай орталықтарды әр аймақта салу қажеттігін баса айтқан. Қазір Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгілеп жүр. Олай болса, сенаторлардың сынына да Үкімет құлақ асады деген үміт басым. Инклюзивті білім беру бойынша мемлекет тарапынан атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен аутизмі бар балалар саны жыл сайын артып барады. Бұл арнайы педагогтарға деген сұранысты арттырып отыр.

Бибігүл Дүйсенбаева, ЕҰУ Жоғары білім мектебі директорының орынбасары, инклюзия бойынша РhD:

- Арнайы педагог дайындау керек. Қосымша осы аутист балалармен жұмыс істейтін әдістер бойынша үйренуге тиіс деп ойлаймын. Екіншіден, көп әдістер білу керек. АВС терапиясын ғана емес. Үшіншіден, ғылыми жұмыстар болу керек деп ойлаймын, осы арнайы инклюзивті білім беру бойынша мұғалімдерді дайындап жатырмыз. Алайда бізде арнайы педагог мамандығы өте аз болып тұр. Мысалы, Қазақтан бойынша көп ВУЗ-да береді мамандық. Алайда соған қарамай, балалардың саны көбейіп жатқандықтан мұғалімдер жетпей жатыр. 

Осы орайда, біз Туризм және спорт министрлігіне сұрау салған едік. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, елде 66 мыңнан астам мүгедектігі бар жан спортпен шұғылданады. Ел бойынша Астана қаласымен қатар Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ғана арнайы инклюзивті спорт орталықтары бар. Жауаптылар 2028 жылға дейін барлық өңірде арнайы спорт нысандары салынады деп отыр.

Марат Қаскербаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі мүмкіндiгi шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы:

- ҚР-да 19 паралимпиадалық спорт түрлері бар. Сонымен қатар 13 сурдоолимпиадалық спорт түрі дамыған. Қазір Президент тапсырмасын орындау бойынша 2025 жылы бізде спорттық инклюзия орталықтары ашылды. Астана, Қызылорда, Ақтөбе және БҚО. 2028 жылға дейін осындай орталықтар барлық өңірде салынады.

Астанадағы Инклюзивті спорт орталығы мүгедектігі бар адамдарға  зор мүмкіндік сыйлап отыр. Мұнда спорттық, медициналық, оңалту және білім беру мүмкіндіктері тоғысқан. Спорттың 12 бейімделген түрінен жаттығу өтеді. Жалпы елордада 42 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат тұрады. Көпшілігі бала мен жастар және еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Олар орталықта спортпен тұрақты шұғылданып, оңалту курсынан өте алады. Осылайша, әлеуметтік ортаға бой үйретеді. Сонымен қатар спорт пен білім саласында ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлауға да басымдық берілген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz