RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ жігіті Әлем кубогында сенсациялық жеңіс тіркеді

23.04.2026, 10:08 36

Бокс бойынша байрақты бәсеке дәл қазір Бразилияда өтіп жатыр. Ал қазақ қыздары, әсіресе каратэ және футболда жүрген ұлттық құрама өкілдері әлемдік рейтингтегі жағдайларын жақсартты. 

Қазақ қыз-жігіттері жеңіске жетті 

Фарух Тоқтасынов сенсациялық жеңіске жетті. Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан Әлем кубогы жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген жекпе-жектер болды. Әсіресе 70 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Фарух Тоқтасынов пен жапониялық Севон Окадзава кездесті. Кейінгісі әлем чемпионы болғандықтан әрі аса тәжірибелі болғандықтан жарыстың басты фавориті саналған. Алайда Фарух өте белсенді және батыл қимылдап, жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп: 3:2. Осының арқасында жерлесіміз ширек финалға өтті. Бұған қоса, жарыстың кезекті күні ерлерден 50 келідегі Даниял Сәбит венгриялық, 80 келідегі Диас Молжігітов австралиялық жігіті жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Әйелдер арасында 60 келідегі Виктория Графеева Әзербайжан қызынан басым түсіп, жеңіс жолын жалғады. Өкінішке орай, негізгі үміттеріміз Назым Қызайбай мен Наталья Богданова жарысты ерте аяқтады. Назым польшалық, Наталья түркиялық боксшыға есе жіберді. Жалпы алғанда, әлемдік аламанға 16 боксшымыз аттанса, оның 5-еуі бәсекені аяқталды. Ал қалған 11-і жүлдеге таласты жалғастырып жатыр. Бразилиядағы бокс бәсекесінің жалпы қорытындысы 27-сәуірде белгілі болады.

Бүгін кімдер жұдырықтасады?

Бүгін негізгі үміттеріміз Алуа мен Аида шаршы алаңға шығады. Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан әлем кубогы жалғасып жатыр. Кезекті жарыс күні өте қызықты болғалы тұр. Әсіресе 51 келіде Алуа Балқыбекова бәсекені бастайды. Ол алғашқы айналымда болгариялық Златислава Чукановамен кездеседі. Екі мәрте әлем чемпионы атанған Алуа бұл салмақта фаворит саналады және көпшілік сеніміз ақтауы қажет. 

Артынша, тағы бір мақтанышымыз, тағы да екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікева өнер көрсетеді. 65 келідегі қазақ қызы чехиялық Виктория Жилковамен жолығады. Бұған қоса, ерлер арасында 65 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы кезекті кездесуін өткізеді. Ол алғашқы айналымда тунистік Хассен Атианы жеңген. Енді франциялық Хуго Граумен қолғап түйістіреді. Аталмыш жекпе-жектерде жеңіске жеткендері ширек финалға жолдама алады. Фос-ду-Игуасу қаласындағы бокс бәсекесі 27  сәуірге дейін жалағасады. 

Қазақ қыздары рейтингте көш бастады 

Қазақ қыздары рейтингте көш бастады. Бүкәлімдік каратэ федерациясы соңғы жарыстарды саралап, әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес, әйелдер арасындағы бес салмақтың үшеуінде қазақ қыздары бірінші орында тұр. Атап айтқанда, ең жеңіл салмақта қазақстандық Мөлдір Жаңбырбай үздік спортшы атағын сақтап қалды. Ол жүктілігіне байланысты кейінгі жарыстарға қатыспаса да, ұпай саны бойынша бәрінен жоғары. 61 келіде тағы бір қазақ қызы Әсел Қанай да бірінші сатыда тұр. Ол әлемдік аламандар мен халықаралық турнирлерден тұрақты жүлде әкеліп жүр. Бұған қоса, аса ауыр салмақта қазақстандық Софья Берульцева да топ басында. Оның көрсекіштері, тіптен, керемет. Биыл үш премьер-лига жарысына қатысып, үшеуінен де алтын жеңіп алды. Ал ерлердің көрсеткіші төмендеу. Десе де алдыңғы ондыққа кірген қазақ жігіттері бар. Атап айтқанда, 75 келіде Нұрқанат Әжіқанов 3-ші, ал, 84 келіде Әлихан Қадырғали 8-ші сатыға жайғасты. 

Ұлттық құрама рейтингте көтерілді

Қыздар жігіттерден асып түсті. Халықаралық футбол федерациясы соңғы жарыстарды саралап, әйелдер бойынша құрамалардың рейтингін жаңартты. Оған сәйкес, Қазақстан құрамасы113-ші орыннан 97-ші орынға көтерілді. Яғни ә дегеннен 16 сатыға жоғарылады. Соның арқасында әлемдегі алдыңғы 100 команда қатарына кіріп отыр. Бұл серпіліске 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы жеңістеріміз түрткі болды. Яғни Бегайым Қырғызбаева жаттықтыратын қазақ қыздары жуырда ғана Арменияны 3:0 және Беларусьті 1:0 есебімен жеңді. Ал жаңартылған рейтингтің көш басында Испания тұр. Алдыңғы ондыққа АҚШ, Англия, Германия, Жапония, Бразилия, Франция, Швеция, Канада және Нидерланды кірді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz