RU
Толық нұсқаға өту

Олег Носков – әлем кубогінің жеңімпазы

28.04.2026, 10:00 37

Қытайдың Хэфэй қаласында байдарка және каноэда ескек есуден Азия чемпионаты өтті.

2 алтын, 5 күміс, 9 қола жүлде жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Олег Носков әлем кубогінде топ жарды. Мысыр астанасы Каир қаласында нысана көздеуден жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода өтіп жатыр. Оған 25 елден 300-ге жуық сұрмерген жиналды. Араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Әсіресе ұлдар арасында 50 метрдегі нысананы көздеуде қазақстандық Олег Носков ең үздік нәтиже тіркеп, екі мәрте алтын жүлдегер атанды. Ол алдымен нысананы жатып көздеуде бәрінен озық шықты. Одан кейін үш позицияда винтовкамен ату бойынша да чемпион болды. Бұдан бөлек, тағы бір қазақстандық Кирилл Цуканов тапаншамен нысана көздеуде үздік атанды. Осылайша, әлем кубогінен ұлттық құрама өкілдері 3 алтын жеңіп алды және бұл өте керемет көрсеткіш дейді мамандар. Яғни ересек командаға лайықты ізбасарлар, яғни, мықты резерв өсіп келе жатыр деген сөз.

Конкур шеберлері әлем кубогінде топ жарды

Қоржынымызда үш медаль. Оның біреуі алтын. Ташкент қаласында конкурдан, яғни, атпен кедергілерден секіруден  әлем кубогы өтті. Қазақстан құрамасы осы жарыста олжалы болып, бір алтын, бір  күміс және бір қола медаль иеленді. Жалпы ат спортының бұл бағыты елімізде енді ғана еңсесін тіктеп келеді. Ал әлемде олипиадалық ойындарға кіретін спорт болғандықтан қызығушылық та, бәсекелестік те өте жоғары.  Қазақстан құрамасы Ташкенттегі сайысқа 11 шабандоз және 24 жылқы қосты. Нәтижесі көңіл көншітерлік дейді мамандар. Енді алда конкурдан әлем чемпионаты күтіп тұр және ол Астана қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылмақ. 27 мен 30 мамыр аралығында өтетін байрақты бәсекеге әлемнің үздік спортшылары мен сәйгүліктері қатысады.

Нұрилә Тұрысбекова, Қазақстан құрамасының шабандозы:

- Бұл спортта ең бастысы жылқымен шабандоздың арасында үйлесімділік пен өзара түсінік болуы тиіс. Жануарлар бәрін сезіп тұрады. Егер сен қобалжысаң, астыңдағы атыңа сенімсіздік танытсаң, ол оны бірден ұғады. Керісінше де болуы мүмкін. Жас шабандоздар тәжірибелі жылқыға мінгенде, әлгі аттар тапсырманы өздері жасап, спортшыға көмектеседі. Айтпағым бұл командалық спорт.

Джиу-джитсу шеберлері олжалы оралды

Парижде Джиу-джитсудан халықаралық гран-при турнирі өтті. Осынау жарыста Қазақстан құрамасы 6 алтын, 6 күміс және 11 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінді. Биылғы жарысқа 23 елден 400-ге жуық спортшы қатысып, ел намысын 50 спортшы қорғаған болатын. Ерлер арасында Бекзат Қазтаев пен Мерей Қабдуллаев және Жігер Алматайлар жеңіс тұғырынан көрінсе, қыздар арасында Мариам Урдабаева мен Нұрайым Мұңайтпас, сондай-ақ Айзере Сағаділда алтыннан алқа тақты. Айта кетейік, Париждегі бұл дода - Халықаралық джиу-джитсу федерациясы күнтізбесіндегі маңызды рейтингтік жарыстардың бірі. Мұнда алған ұпайлар ірі халықаралық жарыстарға жол ашады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz