Академиялық есуден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяда өткен Азия кубогында сәтті өнер көрсетті.
Чхунджу қаласындағы жарыста біздің спортшылар алты медаль жеңіп алды. Сонымен қатар кейбір ескек есушілер қайықтың жаңа түрлерінде бақтарын сынап көрді.
Екі алтын, үш күміс және бір қола. Академиялық есуден Қазақстан құрамасында мұндай мол олжа көптен бері болмаған еді. Чхунджу қаласында әнұранымыз екі рет шырқалды. Құлаштап есу әдісі бойынша екі адамдық қайықта Иван Чернухин мен Владислав Яковлев оқ бойы озып шықты. Кейінірек осы дуэт төрттік құрамда Алексей Красновский және Владислав Галкинмен бірге команда қоржынына тағы бір алтын салды.
Күміс медаль алу сәтінде Мария Чернец пен Екатерина Носкова көз жасына ерік берді. Бойжеткендер қашықтықтың басым бөлігінде көш бастап келгенімен, мәре сызығында Гонконгтық қарсыластарына небәрі бір секундқа есе жіберіп алды. Ал Роза Кеңес алғаш рет ересектер арасында жекелей сында халықаралық деңгейде өнер көрсетті. Дебют сәтті болды: Роза өзінің жеке рекордын жаңартып, қола жүлдені иеленді.
Роза Кеңес, Академиялық есуден ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі:
- Өзіңмен өзің жарысасың, өзіңмен өзің қиындау болады. Ал екі адамдықта шығасың, екі адамдық жаныңда адам отырады, ойлайсың жұмыс істеу керек, алдыңдағы адамға көмектесу керек деп. Өте қатты қорқыныш болды, мандраж болды, уайымдадым қалай болады деп. Бірақ сонда да айттым "бәрі жақсы болады" деп бастап кете бердім. Оның үстіне тренер жол бойы айқайлап көмектесіп, тренердің сөздері маған мотивация беріп, солай да жеңіл болды деп ойлаймын.
Бас бапкер Асылан Құсайыновтың шәкірттерінің нәтижесіне көңілі толады. Дегенмен Чхунджудағы Азия кубогында бәсекелестік аса жоғары болмағанын жасырмайды. Саяси себептерге байланысты турнирге Ирак пен Иран спортшылары келе алмады, сондай-ақ Қытай мен Жапония да жарысқа қатыспады. Соған қарамастан, бапкер қазақстандықтардың табысын заңды деп санайды. Қазір құрамаға жас спортшылар белсенді түрде қосылуда, олар Корея суында үлкен тәжірибе жинақтады.
Екатерина Носкова, Академиялық есуден ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі:
- Біз оқу-жаттығу жиындарында ұзақ уақыт болып, үнемі жол үстінде жүрдік. Жалпы, дайындығымыз өте жақсы. Гонконгпен арадағы бәсеке өте тартысты болды: бүкіл қашықтық бойы бір-бірімізбен тіресіп келдік. Бүгінгі жарысқа талдау жасап, нақты қорытынды шығардық. Енді немен жұмыс істеп, неге ұмтылу керек екенін білеміз. Келесі жарыс міндетті түрде біздікі болады!
Биыл Қазақстан құрамасы ірі халықаралық турнирлерде жүлдеге таласады. Маусым айында Швейцарияда Әлем кубогының кезеңі, шілдеде Германияда жастар арасында әлем біріншілігі өтеді. Ал басты сын – қыркүйекте Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындары болмақ.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #корея #спортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz