Көкшетауда 10 мың орындық стадионның құрылысы басталды.
Күні кеше оның іргетасына уақыт капсуласын қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі, Көкшетау қаласының әкімі, облыстық футбол федерациясының президенті, бұған қоса Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қатысты. Елімізге танымал кәсіпкерлер де болды. Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ақмола облысына сапары барысында арнайы тапсырма берген болатын. Соның аясында UEFA 4 деп аталатын жоғары санаттағы жоба қолға алынды. Заманауи инфрақұрылымда жайлы трибуналар, санитарлық аймақтар, тамақтану орындары, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар қарастырылады. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда «Оқжетпес» футбол клубы үшін толыққанды жаттығу базасын салу жоспарланып отыр.
Әлем үздіктері Алматыға жиналып жатыр
Ең үздік сұрмергендер Алматыға ағылып жатыр. Бұнда стенд атудан ересектер арасындағы әлем кубогі өтеді. Байрақты бәсекеге 43 елден 300-ден аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде АҚШ, Аустралия, Германия, Жапония, Италия сияқты осы бағыт кеңінен дамыған мемлекет өкілдері бар. Қазақстан тарапы да ең мықты деген қыз-жігіттерін шығарады. Әлемдік аламанды Алматы іргесіндегі Александр Асанов атындағы арнайы ату алаңы қабылдайды. Жарыстың өзі 2-11 мамыр аралығында болады. Бұл бәсеке Халықаралық спорттық ату федерациясының рейтингілік жарысы саналады. Сәйкесінше жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұпайлар беріледі. Кейін дәл осы көрсеткіш арқылы 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға квотолар таратылады. Сондықтан ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тілейміз!
Аңызға айналған чемпиондар бас қосты
Алматыда аты аңызға айналған чемпиондар бас қосты. Олардың арасында Владимир Смирновтан бастап алыстан ат терлетіп келген Нелли Ким, сондай-ақ Евгений Яровенко, бұған қоса елде қызмет етіп жүрген Ермахан Ибраимов және Ислам Байрамуков секілді даңқты спортшылар бар. Басты мақсат – жаңа қоғамдық бірлестіктің жұмысын бастау. Яғни жуырда құрылған ұйымның негізгі мақсаты ғылыми-әдістемелік платформа ретінде отандық спорттың дамуына үлес қосу.
Қайрат Закирьянов, қазақ спорт және туризм академиясының президенті:
- Спорт пен ғылымның үндестігі-болашақтың кепілі. Денесі шыныққан, ойы сергек ұрпақ қана елдің дамуына үлес қоса алады. Сондықтан бұл екі саланы қатар дамыту- тек жеке адамның емес тұтас қоғам міндеті. Саңлақтарды шақыртудағы мақсатымыз да сол. Олардың көрген-түйгені көп және берері де мол.
Адам ағзасының мүмкіндіктерін зерттеу арқылы ғалымдар жаттығу жүйесін жолға қояды. Спортшылардың тамақтануы, ұйқы режимі, демалыс уақыты осының барлығы ғылыми негізде жасалу керек- дейді мамандар. Спорт пен ғылымның байланысы тек кәсіби деңгеймен шектелмейді. Қарапайым адамадардың өмірінде де бұл екі саланың ықпалы зор. Денсаулықты сақтау, ұзақ өмір сүру мұның барлығы спорт пен ғылымның үйлесімді дамуына байланысты-дейді бес дүркін олимпиада чемпионы Нелли Ким.
Нелли Ким, бес дүркін Олимпиада чемпионы:
- Бұл өте жақсы бастама. Өйткені спорм пен ғылым егіз ұғым. Мен бір кездері бапкерлікке бет бұрып Белорусияда жұмыс істедім. Сол кезде байқағаным ТМД елдері спорттан ғылымды тым алыстатып алған. Енді міне осы олқылықтың орнын толтыратын үлкен бастамалар қолға алынып жатыр. Мен өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын.
Тегтер #Көкшетау #стадион #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz