RU
Толық нұсқаға өту

Талдықорғанда инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталды

30.04.2026, 18:43 41

Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталды. 

Жоба мемлекет басшысының «Инклюзивті спорт орталықтарын ашу» тапсырмасы аясында қолға алынды. Оны «Қазақстан Халқына» қоры және облыстық әкімдік бірлесе жүзеге асырады. Әлемдік додаларда топ жарған спортшылардың қатысуымен бүгін нысанның капсуласы салынды. 

Жетісу облысында ерекше қажеттілігі бар 12 мыңнан аса адам тұрады. Соның екі мыңға жуығы спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Жаңа кешеннің салынуы инклюзивті орта қалыптастырып, салауатты өмір салтын ұстанатын жігерлі жандардың артуына ықпал етпек. 

Раушан Қойшыбаева, Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері:

- Бұл енді Құдай қаласа, өте күшті, өте қажет нәрсе қолға алынып отыр. Мынандай жақсы залда жаттығу жасаса, мықты паралимпиада, сурдолимпиада, олимпиада чемпиондары көп шығуы мүмкін.

«Кедергісіз орта» қағидаты негізінде салынатын кешенде бір мезетте 150 адам жаттыға алады. Спортшылар командалық ойындармен қатар күрес, теннис, садақ ату сынды жекелеген спорт түрлерімен шұғылданады. Оңалту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, медициналық көмек те көрсетілмек. 

Нұрлан Серікбаев, Мердігер мекеменің атқарушы директоры:

- Бұл нысанның жалпы шаршы ауданы 4 мың шаршы метр. Сейсмикалық төзімділігі 8 балға дейін. Жалпы сметалық құны 2 млрд теңге. Бұл құрылысты бастап жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. 

Бұл – «Қазақстан Халқына» қоры қаржыландырған еліміздегі үшінші инклюзивті спорт кешені. Аталған ұйым енді Үштөбе қаласында да әлеуметтік нысан салады.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы:

- Спорт кешені осындай үлкен болады. Соның да 2 млдрд. теңгеден астам қаражаты бөлінген болатын. Оны да бастаймыз. Осы жылдың аяғына дейін бітіреміз.

«Қазақстан халқына» қоры 2022 жылдан бері Жетісу облысында құны 11 млрд теңгеден асатын 22 қайырымдылық жобаға қолдау көрсеткен.    

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz