RU
Толық нұсқаға өту

Әлем чемпионаты: теннисшілер 1/8 финалға өтті

05.05.2026, 10:22 28

Алматыда стенд атудан әлем кубогі кезеңі басталды. Жарысқа 500-ден астам мерген келген. 

Онда ел атынан 20 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Жүлделер «Трап» және «Скит» жаттығулары бойынша және аралас командалар арасындағы сайыстарда сарапқа салынады. Халықаралық жарыс 11 мамырға дейін өтеді. 

Қазақстан құрамасы үстел теннисінен тарихта алғаш рет әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты. Ерлер командасы Лондонда өтіп жатқан біріншіліктің 1/16 айналымында Испаниялық спортшылармен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Онда ұлттық құрама сапынан Алан Құрманғалиев, Кирилл Герасименко қарсыластарынан басым түсті. Енді ертең Париж олимпиадасының жартылай финалисі Жапонияға қарсы ойнайды. Олар топтық кезеңде Түркия, Египет, Таиланд құрамаларын тізе бүктірген еді. Ал әйелдер командасы 1/16 айналымда Швецияға қарсы ойнап, 3:1 есебімен ұтылып қалды.

Луиш Нани: Қазақ футболына үйренісіп келемін 

Әйгілі Луиш Нани Қазақстан футболына енді ғана үйренісіп келе жатқанын айтады. Португалиялық жартылай қорғаушы алаңда тәртіп бұзушылыққа назар аударту үшін біраз уақыт кететінін жеткізді. Сондай-ақ, ол ішкі біріншілікке үйренісу, бейімделу жағынан оңай болмай жатқанын алға тартты. Тәжірибелі футболшы қазір Ақтөбе футбол клубы сапында өнер көрсетіп жүр.

Луиш Нани, «Ақтөбе» ФК ойыншысы:

- Шынымды айтсам, Қазақстан чемпионатының ерекшеліктеріне әлі де бейімделіп жатырмын. Кейбір сәттерге көңілім толмайды. Әсіресе ойын кезінде тәртіп бұзушылықтарға назар аудартуға көп уақыт жоғалатыны байқалады. Соның салдарынан матчтың қарқыны бәсеңдеп кетеді. Дегенмен бұл – жергілікті футболдың бір ерекшелігі. Мен мұнда ойнау үшін келдім және осы ортаға мүмкіндігінше тез үйренуге тырысып жатырмын.

Айта кетейік, «Ақтөбе» 8-ші турда сырт алаңда «Ордабасымен» кездесіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды. Матчтан кейін Нани бұл нәтижені әділетсіз деп бағалап, кем дегенде тең ойынға лайық болғанын айтқан еді. Дәл қазір «Қайрат» пен «Ордабасы» ішкі біріншілікте 18 ұпаймен көш бастап тұр. «Оқжетпес» 3-орында келе жатыр. «Астана» 6-шы орынға тұрақтаса, «Ақтөбе» 10 ұпаймен 10-шы орында тұр.      

World Boxing ұйымына тағы 8 ел қосылды 

World Boxing ұйымына мүше елдер саны 175-ке жетті. Кеше халықаралық қауымдастық Антигуа, Барбуда, Камерун, Кюрасао, Габон, Гренада, Оңтүстік Африка Республикасы және Вануату бокс федерацияларының қабылданғанын хабарлады. Аталған елдер қатаң іріктеу кезеңінен өтіп, басқару жүйесінде ашық әрі әділ сайлау өткізетінін дәлелдеді. Сондай-ақ олар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің талабына сәйкес антидопингтік саясатты ұстанатынын көрсетті. Айта кетейік, World Boxing 2023 жылы сәуір айында құрылды. Оны былтырдан бері отандасымыз Геннадий Головкин басқарып отыр. Оның өкілеттік мерзімі 3 жылға дейін созылады. Яғни Лос-Анджелес олимпиадасына дейін жалғасады. 

3 күннен кейін Grand Slam турнирі басталады 

Астанада 3 күннен кейін дзюдодан халықаралық Grand Slam жарысы басталады. Әлемдік додаға 39 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Арасында олимпиада және әлем чемпиондары, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері бар. Атап айтқанда, қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев, тайпейлік Юн-Вэй, италиялық Фабио Базил, бразилиялық Рафаело Силва, хорватиялық Барбара Матич сынды танымал дзюдошылар боз кілемде белдеседі. Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және олимпиадалық рейтинг ұпайлары үлестіріледі. 1-орынға мың, екінші орынға - 700, үшінші орынға 500 ұпай беріледі. Grand Slam турнирі елімізде 4-ші жыл қатарынан ұйымдастырылғалы тұр.

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz