Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында жаңа рекорд тіркелді.
Ерлер арасындағы 60 келі салмақ дәрежесінде жұлқа көтеру сайысында Азамат Төлеген 122 келіні көтеріп, жаңа рекорд тіркесе, артынша Әлішер Тұрғанбай 123 келімен көрсеткішті жаңартты. Қос сайыстың нәтижесі бойынша Әлішер 271 келі көтеріп, жеңімпаз атанды. Ал қызылордалық Азамат Төлеген екінші орынға жайғасса, жетісулық Исламжан Музапаров қоланы місе тұтты.
Қазақстандық парадзюдошылар Grand Prix турнирінің алғашқы күнінде 5 медаль жеңіп алды. Оның 2-і алтын, үшеуі қола. Әуелі 70 келіде Ибрагим Нұрмаханұлы J2 санатында топ жарды. Артынша 81 келіде Бексұлтан Құлмырза дәл осы санатта алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Альфия Тілекқабыл, Іңкәр Бауыржан, Ескендір Ұлданов үздік үштіктен көрініп, қолаға қол жеткізді. Айта кетейік, елорда төрінде өтіп жатқан байрақты додаға 24 елден 140-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Бұл сында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпайлар беріледі.
Медет Байкен, Қазақстан Зағиптар қауымдастығының төрағасы:
- Бұл дәстүрге айналған жарыс осымен 6 жыл қатарынан Қазақстанда өтіп жатыр. Мықты әлем чемпиондары келіп осы жерде сынға түсіп жатыр. Жарыстың деңгейі өте жоғары өтеді. Себебі бұл жарыс IJF пен IPSA мекемелерінің бірлескен джойнт ивент болып жатыр. Ең үздік төрешілер жиналып жатыр. Алда Азия ойындары келе жатыр. Күзде Жапонияда, соған байланысты бүгін түпкі картинасы белгілі болады. Соған қарай Азия ойындарына дайындалатын боламыз.
С. Нұрғалиев шахматтан ел чемпионы атанды
Отандық шахматта кезекті сенсация. Небәрі 15 жастағы Сауат Нұрғалиев классикалық шахматтан ерлер арасында ел чемпионы атанды. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Сауат турнир барысында тәжірибелі қарсыластарына қарсы сенімді ойнап, жоғары кәсіби деңгейімен көзге түсті. Сәйкесінше жарыс фавориттерінен басым түсті. Бұл сында Жандос Ағманов күміс еншілесе, Рамазан Жалмаханов үздік үштіктен көрінді.
Сауат Нұрғалиев, Шахматтан Қазақстан чемпионы:
- Мен қазір өте қуаныштымын. Осы жарысты жеңу өте қиын болды. Көп стресс болды. Қазір ата-анам жарайсың деп жатыр. Ең мықтылардан Қазбек Нөгербек, Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Әлішер Сүлейменовтер болды. Олар өте жақсы ойнайды. Олар гроссмейстерлер. Тәжірибесі көп.
Ал әйелдер арасында Зарина Нұрғалиева ел чемпионы атанды. 13 турдың қорытындысы бойынша 4 бірдей шахматшы 9 ұпайдан жинап, жеңімпаз тай-брейк арқылы анықталды. Нәтижесінде, Зарина Нұрғалиева алтыннан алқа тақса, Меруерт Қамалетдинова күміс еншіледі. Ал Елназ Қалиахмет қола жүлдеге ие болды.
Зарина Нұрғалиева, Шахматтан Қазақстан чемпионы:
- Чемпион болғаныма өте қуаныштымын. Осы жарыста Самарқандта болатын олимпиадаға 2 жолдама ойнатылса, соның біреуін ұтқаныма қуаныштымын. Барлық қарсыласым мықты болды деп ойлаймын. Барлығымен қиын партия болды. Соңғы партияларды жақсы ойнауға тырыстым.
Жылдың үздік шахматшылары марапатталды
Астанада дәстүрге айналған Kaz Chees Awards сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Қазақстан Шахмат федерациясы өткен жарыстарды қорытындылап, үздіктерді марапаттады. Сәйкесінше ерлер арасында Алдияр Аңсат жыл спортшысы атанса, әйелдер арасында Бибісара Асаубаева кезекті рет үздік деп танылды. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер, жаттықтырушылар мен төрешілер де назардан тыс қалмады. Яғни бас аяғы 20 номинация табысталды. Одан бөлек 2025 жыл қазақ шахматы үшін табысты болды. Отандастарымыз халықаралық ареналарда 162 медаль жеңіп алған. Оның 64-і алтын, 49-ы күміс, қалғаны қола.
Тимур Турлов, Қазақстан Шахмат Федерациясының Президенті:
- Бүгін біз түрлі турнирлерде жетістікке жеткен спортшылардың еңбегін мойындаймыз. Бұл - шахмат саласындағы ең маңызды шаралардың бірі. Жарыстарды жүйелі ұйымдастырудың арқасында елде шахмат турнирлерінің саны айтарлықтай артты. Қазір Қазақстан көлемінде ай сайын түрлі деңгейдегі жүздеген турнир өтеді. Оның бірнеше жүзін федерация ұйымдастырады. Менің басты міндетім - адам капиталына инвестиция салу. Біз адамдарға, технологияға, шәкіртақыларға және жарыстарды дамытуға көңіл бөлуіміз керек.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ауыр атлетика #парадзюдоPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz