15–17 мамыр аралығында елордадағы Barys Arena спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша халықаралық PGL Astana 2026 турнирі өтеді. Осылайша Астана қатарынан екінші жыл әлемдік киберспорттағы ең беделді жарыстардың бірін қабылдайды, деп хабарлайды «24KZ».
Турнирді румыниялық PGL Esports SRL компаниясы ұйымдастырады. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайды.
Турнирге әлемнің үздік 16 командасы қатысады. Олардың қатарында Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді танымал ұжымдар бар.
Жарысқа арнайы қонақ ретінде әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі Джеймс Бэнкс және әлем чемпионы Габриэль Толедо шақырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир аясында жанкүйерлер үшін фан-аймақтар, автограф-сессиялар және интерактивті ойын алаңдары ұйымдастырылады. Сонымен қатар шетелден келетін қонақтар мен қатысушылар Астананың туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік алады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Мамандардың пікірінше, PGL Astana 2026 турнирі оқиғалық туризмнің дамуына серпін беріп, Астананың халықаралық киберспорт орталығы ретіндегі беделін арттыра түседі.
Тегтер #CounterStrike 2 #Астана #турнир #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz