Шымкентте футболдан өткен Қазақстан кубогының ширек финалы аясында «Ордабасы» мен «Жетісу» командалары кездесті. Матч барысында жанкүйерлер марқұм спорт комментаторы Амангелді Сейітхановты ерекше құрметпен еске алып, әсерлі перформанс ұйымдастырды, деп хабарлайды «24KZ».
Ойынның 69-минутында шымкенттік жанкүйерлер трибунада «Жеңісті күндерде жолыққанша!» деген жазуы бар баннерді көтеріп, комментатордың алып портретін жайды. Бұл көрініс стадиондағы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Айта кетейік, 11 мамыр – Амангелді Сейітхановтың туған күні. Осыған орай ұйымдастырылған еске алу сәті матчқа ерекше мән берді.
Кездесуді марқұм комментатордың ұлы Бекасыл Сейітхан жүргізді. Эфир барысында ол әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды сөз айтты.
Бұл – Амангелді Сейітхан. Спорт комментаторы, қазақ тілінің жанашыры, қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Ол тек менің әкем емес, тұтас қазақтың перзенті деп білемін. Әке, сіздің үніңіз – біздің құлағымызда. Сіз салып кеткен жолмен жүріп келеміз. Қазақ спорты мен тілі үшін жасаған еңбегіңізге алғысым шексіз, – деді Бекасыл Сейітхан.
Жанкүйерлер ұйымдастырған бұл перформанс матчтағы ерекше сәттердің біріне айналып, көпшілік үшін рухани маңызы зор оқиға ретінде есте қалды.
Тегтер #Амангелді Сейітхан #футбол #24жаңалықтар #24KZ #кубок #финал #ШымкентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz