2027 жылдың 22-30 мамыры аралығында Астанада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан аталған жаһандық доданы қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. 10 мамыр күні Лондонда өткен командалық әлем чемпионаты барысында Қазақстанға Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туы ресми түрде табысталды. Бұл – еліміздің әлем чемпионатын өткізуге дайындықты бастағанын білдіретін маңызды рәсім, - делінген Туризм және спорт министрлігі таратқан хабарламада.
Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығына 2025 жылы ITTF Бас ассамблеясының шешімімен ие болды. Дауыс берудің қорытынды кезеңінде Қазақстан 111 дауыс жинап, Францияны басып озды.
Қазіргі таңда елімізде 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшылар. Республика бойынша 12 мамандандырылған үстел теннисі орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Қостанай, Орал, Семей және Алматы қалаларында жаңа орталықтардың құрылысы мен жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстандық спортшылар халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылы ұлттық құрама спортшылары халықаралық рейтингтік турнирлерде 47 медаль жеңіп алды. Ерлер құрамасы Ислам ынтымақтастығы ойындарында чемпион атанса, қазақстандық теннисшілер әлем және Азия чемпионаттарында сәтті өнер көрсетті.
Қазақстан бұған дейін де ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастырды. 2024 жылы Астанада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты өтіп, жарысқа 25 елден 195 спортшы қатысты. Бұл чемпионат Орталық Азия аумағында алғаш рет ұйымдастырылған құрлықтық дода ретінде тарихқа енді.
Тегтер #Астана #Үстел теннисі #2027 жыл #спорт #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz