Бүгін елордада шахматтан түркі елдерінің алғашқы командалық чемпионаты басталды.
Халықаралық турнир ерлер, әйелдер және 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп, 3 күнге жалғасады. Әр санат бойынша Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінен 7 құрама бақ сынасады. Тартысты бәсеке Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық және Қазақстан шахмат федерацияларының, Қазақ ұлттық спорт университеті мен Астана қаласы әкімдігінің және Freedom Холдингінің қолдауымен өтіп жатыр. Жалпы жүлде қоры 54 мың АҚШ долларын құрайды.
Шахмат – төзім мен тактика, ақыл мен есеп сынға түсетін зияткерлік тартыс. Бас қалада бастау алған түркі елдері арасындағы турнир соның бір дәлелі. Алты елдің үздік тақта тарландары Астанада бас қосып, үш күнге созылатын үнсіз бәсекеде үздіктерді анықтамақ.
Тимур Тұрлов, Қазақстан Шахмат федерациясының президенті:
- Өңірдегі ең мықты шахматшыларды бір алаңға жинап, жетекші шахмат федерацияларының басын қосуда, өзара байланысты нығайтуда мұндай жарыстардың маңызы зор.Спортшыларымыздың түркі әлеміндегі үздік шахматшылармен ойнауына жол ашылды. Сондықтан бұл бастама мемлекетіміздің бауырлас халықтармен достық қарым-қатынасты арттыруына бағытталған.
Командалық чемпионат заманауи классикалық форматта өткізіледі. Бұған сәйкес, ойыншының әр жүрісіне 30 секундтан, жалпы 45 минуттай уақыт беріледі.
Зарина Нұрғалиева, Шахматтан әлем чемпионы:
- Осы жердегі барлық қарсыластарым мықты деп ойлаймын. Бүгін біз бірінші турды Өзбекстанмен, екінші турды Қазақстанмен және үшінші турды Әзербайжамен ойнаймыз.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры:
- Әрбір мемлекеттен бір-бір командадан келіп жатыр. Ал Қазақстан әрине, біз өзіміздің елімізде өткізіп жатқандықтан, екінші командамызды да қосып жатырмыз. Себебі бізде өздеріңізге белгілі әйелдер құрама командасы өте мықты. Бүкіләлемдік олимпиадада күміс жүлдегер болып табылады.
Халықаралық жарыстың жалпы жүлде қоры 54 мың АҚШ доллары, яғни 27 миллион теңгені құрайды. Топты жарып шыққандардың есімдері 17 мамыр күні белгілі болады.
Авторлары: Назым Кенжебай, Диас Ковланбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #шахмат #спорт #Қазақстан #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz