Қайрат сырт алаңда елордалық “Жеңістен” басым түсті.
Астана-аренада өткен ойын қонақтардың пайдасына аяқталды. Есеп 2:1. Одан бөлек “Ордабасы” мен “Жетісу”, “Алтай” мен “Қызылжар” және “Қайсар” мен “Тобыл” арасындағы матчтарда да 2:1 есебі тіркелді. Яғни Шымкент пен өскемендік және қызылордалық ұжымдар жеңіске жетті. Ал көкшетаулық “Оқжетпес” өз алаңында Астанаға 1:0 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ Ақтөбе мен Атырау 1:1, “Ертіс” пен “Елімай” арасындағы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Дәл қазір алматылық “Қайрат” ел біріншілігінде көш бастап тұр. Олар 11 ойында 25 ұпай жинап, жеке дара бірінші орында келе жатыр. Екінші орынға 22 ұпаймен шымкенттік “Ордабасы” жайғасса, көкшетаулық “Оқжетпес” үздік үштікті түйіндеп тұр.
А. Жұманов чемпиондық белбеуді иеленді
Алмат Жұманов WBC Latino Silver белбеуін иеленді. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Эквадорда өткен титулдық жекпе-жек кешінде жергілікті Фелипе Лареспен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Отандасымыз супер орта салмақта қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутқа жіберді. Тіпті екінші раунд барысында венесуэлалық боксшы екі мәрте нокдаунға түсті. Осылайша Алмат Жұманов WBC тұжырымы бойынша Латын Америкасында чемпион атанған алғашқы қазақ атанып отыр. Ол кәсіби мансабында 10 кездесу өткізіп, соның 9-ында жеңіске жеткен.
Алмат Жұманов, кәсіпқой боксшы:
- Бұл менің карьерамдағы өте маңызды жекпе-жек болды. Өйткені WBC World-қа бір қадам жақындап жатырмыз. Қарсыласым венесуэлалық Фелипе Лорес өте тәжірибелі боксшы. 2-раундта 2 нокдаун алып, 3-раундта қарсыласым жекпе-жектен бас тартып, мен жеңіске жеттім. Баршаңызға рақмет. Мені қолдап жатқандарыңызға. Бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз.
Ауыр атлетикадан ел чемпионаты жалғасуда
Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Жарыстың 6-шы күні жоғары салмақ дәрежелеріндегі спортшылар арасында өтті. Мәселен 84 келіде Едіге Емберді рекорд жаңартып, алтыннан алқа тақты. Оның қоссайыстағы көрсеткіші 360 келіні құрады. Ал 94 келіде Сергей Петрович топ жарса, 110 келіде Артем Антропов чемпион атанды. Ол жұлқа көтеруде 175 келіні еңсерсе, серпе көтеруде 230 келіні бағындырып, қоссайыста 405 келімен бірінші орын алды.
Артем Антропов, ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы:
- Бүгінгі өнерімді 4-ке бағалаймын. Өйткені бұдан да жоғары көрсеткіш тіркей аламын. Оны бүгін дәлелдедім. Ақырындап 110 келі салмаққа бейімделіп келе жатырмын. Салыстырмалы түрде Ислам ойындарына қарағанда алға жылжу бар. Енді Азия ойындарына дейін жаттығуымды күшейтемін.
Едіге Емберді, ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы:
- Басты мақсат жарақат алмау болды.
Тегтер #Қайрат ФК #ҚПЛ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz