Дзюдодан Монғолиядағы Grand Slam турниріне қатысатын балуандарымыздың есімі белгілі болды.
Бұл тізімде Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев, Марат Байқамуров және қыздардан Ғалия Тынбаева мен Камила Берліқаш сынды тәжірибелі спортшылар бар. Ұлан-Батырдағы жарыста бас аяғы 20 отандасымыз ел намысын қорғайды. Турнир 19-21 маусым аралығында өтеді.
Елена Рыбакина теннистен әйелдер арасында ең табысты спортшы атанды. Әлемнің екінші ракеткасы жыл басынан бері 4,21 миллион доллар пайда тапқан. Екінші орында Беларусь өкілі Арина Соболенко тұр. Оның табысы 4,07 миллион долларға бағаланған. Украиналық Элина Свитолина 2,82 миллион доллар, америкалық Кори Гауфф 2,66, Джессика Пегула 2,6 миллион доллар иемденген. Қазақстандық спортшының алдағы басты мақсаты Берлин турнирі мен «Ролан Гарроста» топ жару. Ол Париждегі беделді турнирде екінші нөмірмен тіркелді. Негізгі кезең матчтары 24 мамыр мен 7 маусым аралығында өтеді.
1. Елена Рыбакина $4,21 млн
2. Арина Соболенко $4,07 млн
3. Элина Свитолина $2,82 млн
4. Кори Гауфф $2,66 млн
5. Джессика Пегула $2,6 млн
Елде үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді
Қазақстан келесі жылы үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Жаһан біріншілігі 22-30 мамыр аралығында өтеді. Оған жаттықтырушылар мен спортшыларды, төрешілер мен делегаттарды қосқанда барлығы 1300-ге жуық адам келеді деген жоспар бар. Жарыс 5 санат бойынша өтеді. Яғни ерлер мен әйелдер жекелей, жұптық, аралас жұптық бәсекеде өнер көрсетеді. Осылайша, Қазақстан үстел теннисінен әлем біріншілігін өткізетін Орталық Азиядағы алғашқы ел атанбақ.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Бұл жарысты іріктеу жарысы деп те айтуға болады. 2028 жылы Лос-Анджелесте олимпиада ойындары болады. Сондықтан рейтингтік ұпайлар берілетін ең ірі жарыс деп айтуға болады. Біздің ұлттық құрама үйде жақсы өнер көрсетеді деп сенеміз.
Негізгі жарыс алаңы ретінде 8 мыңға жуық көрермен сиятын Барыс арена таңдалған. Қосымша алаң ретінде 6 мың 800 адамға шақталған QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешені пайдаланылады.
Елсияр Қанағатов, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті:
- Үстел теннисі елде дамыған спорт түрлерінің бірі деп айтуға болады. Халықарлық дәрежеде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жақсы спортшыларымыз да бар. Біз саты-сатысымен Халықаралық турнир, Азия чемпионатын өткіздік. Енді әлем чемпионатын қабылдаймыз. Арнайы ұйымдастыру комитеті құрылды, іс шаралар бекітілді. Соған сәйкес ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті.
Ж. Бақбергенова жаңа салмаққа ауысты
Жәмила Бақбергенова олимпиадалық салмаққа ауысты. Ол әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы ретінде өз мықтылығын тағы дәлелдеді. Тәжірибелі балуан жақында өткен ел біріншілігінде топ жарып, жаңа салмақта сәтті өнер көрсетті. Қазір Жамилә 68 келіге толық бейімделіп, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатыр. Оның басты мақсаты Венгрия мен Монғолияда өтетін рейтингтік турнирлерде жоғары ұпай алу және алдағы Азия ойындары мен Әлем чемпионатында жүлдеге ілігу.
Жәмила Бақбергенова, Әйелдер күресінен ұлттық құрама мүшесі:
- Бапкерім Нұрсұлтан Теміров менің бойыма, дене бітіміме осы салмақтың ыңғайлы екенін айтты. Бұған дейін бұл салмақта егізім Мәдина Бақбергенова күресіп, Азия чемпионы атанған еді. Сондықтан қайта оралмағанмын. Қазір Олимпиадаға аз уақыт қалғандықтан, алдыңғы циклдегі қателіктерді қайталамауға тырысамын.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Елена Рыбакина #спортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz