Футболдан ішкі біріншіліктің ең басты матчы өтіп, турнир кестесінде өзгерістер орын алды. Бұған қоса, Астанада су жаңа стадион қолданысқа берілді.
«Ордабасы» «Қайратты» жеңіп, турнирлік кестеде көш бастады. Футболдан Қазақстан Премьер Лигасының кезекті турында көпшілік тағатсыдана күтіп жүрген матч болды. Шымкент қаласында жергілікті «Ордабасы» алматылық «Қайратты» қабылдады. Айта кету керек, қос команда да жеңіліссіз келе жатты және өзара турнир тізімінің ең алдыңғы сатысына талас жүргізді. Сонымен, Шымкенттегі кездесуде есепті қонақтар ашты. 14-минутта Жоржиньо мергендігімен көзге түсті. Ал алаң иелері сапынан Килама 26-минутта таразы басын теңестірді. Артынша командаласы Эльхан Астанов та қарсыластар қақпасының осал тұсын тауып, есепті 2:1-ге жеткізді. Бұл нәтиже ойын соңына дейін өзгермеді. Жеңіске жеткен «Ордабасы» 28 ұпаймен турнирлік кестесінің бірінші сатысына көтерілді. Ал «Қайрат» 26 ұпаймен екінші орынға сырғыды. Алдыңғы бестікке, әзірге «Оқжетпес», «Елімай» және «Астана» клубтары кіріп тұр. Қазақстан Премьер Лигасының келесі, яғни 13-ші туры 13-14 маусымда болады.
Жаңа стадион балалар қолданысына берілді
Астанадағы жаңа стадион балалардың қолданысына берілді. Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жасыл алаң толықтай реконструкциядан өткізіліп, таяуда ғана техникалық ашылуын жасаған еді. Замауи нысанда енді жергілікті жас футболшылар жаттығады. Яғни қалалық әкімдік оны №8 спорт мектебінің баланысына берді. Сәйкесінше, бұдан былай мыңдаған өрен жергілікті климатқа бейімделген, яғни төбесі жабық, жылы әрі жарық инфрақұрылымда шеберлік шыңдайды деген сөз. Бұған қоса, осы балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық, тіпті халықаралық жарыстар да осында өткізуге болады.
Айта кету керек, жаңа стадион УЕФА-ның 2-санатына сай. Бұл жастар арасындағы және әйелдер арасындағы ұлттық құрамалардың да халықаралық мачтарын өткізгуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта 3600 көрерменге арналған орындар қарастырылды. Бұған қоса, вар бөлмесі, конференц-зал, медициналық кабинет және басқа да қажетті техникалық аймақтары бар. Тағы бір айта кетерлігі, стадион арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған. Яғни бас прокуратура заңсыз жолмен иемденілген активтерді шетелдерден қайтарып, оны спорттық инфрақұрылымдарды жаңартуға жұмсап жатыр.
Алтай таеквондо одағының чемпионаты
Сегіз елдің үздіктері Астанада бас қосады. Бұнда таеквондодан Алтай одағының чемпионаты өтеді. Бұл ұйым былтыр ғана құрылды және оның басшысы ретінде Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев тағайындалған болатын. Алтай таеквондо одағы Корея, Түркия, Ресей, Моңғолия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан сияқты елдерді біріктіреді. Аталған мемлекеттің ең үздік таеквондошылары маусымның 23-і мен 24-і күндері елорадаға жиналып, өзара мқытыны анықтайды. Айта кету керек, жарыс жастар арасында және ересектер арасында болады. Байрақты бәсеке Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми күнтізбесіне енді және форматы G-1 санатында болады. Яғни жеңімпаздарына рейтингтік ұпайлар таратылады. Бұған қоса, қарыжылай сыйақы да тағайындалып отыр. Яғни жеңіске жеткен командаға 15 мың, ал екінші және үшінші орындарға сәйкесінше, 10 және 5 мың доллардан берілмек.
Тегтер #спорт #турнир #Астана #стадионPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz