Елордада 1-9 маусым күндері тұңғыш рет беделді халықаралық «Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі өтеді. Бұл – Паралимпиадаға барар жолдағы негізгі турнир, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл – ресми рейтингтік жарыстар жүйесіне кіретін және алдағы Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындарына іріктеудің ең маңызды кезеңі саналатын боччадан Әлем кубогының кезеңі.
Жарыстың ұйымдастырушысы – Қазақстан бочча федерациясы. Турнир Қазақстан Республикасының 2026 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың Бірыңғай күнтізбелік жоспарына ресми түрде енгізілген және заманауи «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені базасында өтеді.
Әлем кубогына Қазақстан, Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция, Португалия елдерін қоса алғанда, 24 елдің өкілдері қатысады.
Әлемнің ең мықты 92 параспортшысы, сондай-ақ оларға ілесіп жүретін 143 маман мен делегация мүшелері келеді деп күтіліп отыр.
Әлем кубогының кезеңінде ел намысын 10 мықты спортшы қорғайды. Қатысушылардың қатарында Астана қаласының өкілдері: Итиана Шыңғысханова, Темірлан Алтынсары, Ерхат Алмат бар.
«Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қорының, Eurasian Resources Group (ERG), KAZ Minerals, Kinopark және басқа да серіктестердің қолдауымен өтеді.
Жарыс бағдарламасы:
1 маусым – командалардың келуі, жаттығу күні және классификация (жабдықтарды тексеру);
2 маусым сағат 18:00-де – турнирдің салтанатты ашылу рәсімі;
3-6 маусым – жекелей жарыстар;
6 маусым – жекелеген жеңімпаздарды марапаттау рәсімі;
6–8 маусым – жұптық және командалық жарыстар;
8 маусым – жұптық және командалық разрядтар бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Астана #бочча #спорт #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz