Қоржынымызда 41 медаль. Оның 20-сы алтын. Түркістан қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында өтті.
Құрлықтық жарыста ұлттық құрама сәтті неөр көрсетті. 18 жасқа дейінгілер арасында Эвелина Костенко, Мадияр Қанекен, Алексей Ширман, Нұртілек Иман және Никон Дергунов, 23 жасқа дейінгілер арасында Сұлтан Шарапиев, Стелла Суханова және Дмитрий Холмогоровтар бірнеше қашықтықта топ жарды. Отандық спортқа қатысты өзге жаңалықтармен әріптесім Аслан Қаженов таныстырады.
Бибісара әлемдік рейтингте көш бастады. Қазақстандық шахматшы FIDE Women’s Circuit тізімінде бірінші орынға көтерілді. Бұл жетістікке ол Норвегиядағы жарыстан кейні қол жеткізді. Айта кетейік, жуырда ғана Норвегияның Осло қаласында әйелдер арасындағы шахматтан әлем үздіктері қатысқан супер турнир өтіп, Бибісара Асаубаева жарыс аяқталмай тұрып үлкен ұпай айырмасымен жеңімпаз атанды. Жерлесіміз дәл осы бәсекеге бірінші рет қатысты және турнир тарихындағы ең жас қатысушы саналды. Соған қарамастан, сенімді түрде жеңіске жетті. Міне, осының арқасында жаңартылған рейтингте басты қарсыластары қытайлық Чжу Цзиньэр мен үндістандық Вайшали Рамешбабуды басып озды. Түсіндіре кетейін, FIDE Circuit – әлем чемпиондығына үміткерлер турниріне жолдама беретін маңызды бағыттардың бірі. Цикл қорытындысы бойынша үздік шахматшылар әлем чемпиондығы үшін таласу мүмкіндігіне ие болады.
Талғат Байсуфинов ұлттық құрамада қалады
Талғат Байсуфинов ұлттық құрамада қалады. Қоғамдық резонанс пен қызу пікірталастан кейін Қазақстан футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасады. Айта кетейік, бірер күн бұрын қазақ маманы бас бапкер қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан футбол федерациясы Талғат Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді және оның кәсіби қызметін, Қазақстан ұлттық құрамасын дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ команданы алдағы матчтар мен турнирлерге дайындау бағытындағы жұмысын жоғары бағалайды» - делінген ресми мәлімдеде. Айта кетейік, Талғат Байсуфинов баптайтын жігіттер қазір Венгрияның Дебрецен қаласында. Ол жақта жергілікті командамен жолдастық кзедесу өткізеді. Қазақстан-Венгрия матчы бүгін 22:00-де басталады. Кездесу 20 мың көрермен сыятын «Надьердеи» стадионында өтеді. Тарихқа көз жүгіртсек, қос команда бұған дейін өзара 2 рет кездескен. Біреуінде Қазақстан, біреуінде Венгрия құрамасы жеңіске жетті.
Қазақ жастары Грекиямен кездеседі
Қазақ жастары бүгін кезекті сенсация тіркеуі мүмкін. Грекияның Салоники қаласында футболдан 19 жасқа дейінгілер арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеуі жалғасып жатыр. Біздің жігіттер бұған дейін Португалиямен тең түсіп, Сербияны жеңген болатын. Енді топтық кезең аясындағы соңғы мачта жергілікті құрамамен, яғни Грекия құрамасымен кездеседі. Матч біздің уақытпен 20:00-де басталады. Қазақстан құрамасының жеңіске жетуге барлық мүмкіндігі бар. Өйткені турнир тізімінде бірінші сатыда тұр. Ал Грекия ең соңғы орында. Егер жеңіс жолы жалғанып жатса, қазақ жастары 2027 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің жоғарғы кезеңіне өтеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #бибісара #рейтинг #спортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz