Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты жасы үлкен, тәжірибелі ойыншылардың саны бойынша тарихи рекорд орнатуы мүмкін. Бұл туралы FIFA мәліметтеріне сілтеме жасап «24KZ» хабарлайды.
Халықаралық футбол федерациясының ақпаратына сүйенсек, алдағы дүбірлі додада жасы 40-тан асқан бірден 8 футболшы бақ сынауы мүмкін. Бұл көрсеткіш осыған дейін өткен барлық 22 әлем чемпионатындағы ардагер ойыншылардың жалпы санынан да көп.
Жасы 40-тың қырқасынан асса да, жасыл алаңда көш бастап жүрген жұлдыздардың арасында Португалия құрамасының капитаны, 41 жастағы Криштиану Роналдудың орны бөлек. Бұл турнир португалиялық шабуылшының карьерасындағы алтыншы әлем чемпионаты болуы мүмкін. Осылайша ол мундиалға қатысу саны бойынша тарихи рекордты қайталайды.
Дәл осындай көрсеткішке Мексика құрамасының 40 жастағы қақпашысы Гильермо Очоа да қол жеткізуі ықтимал. Ол үшін де бұл 6-шы әлем біріншілігі болмақ. Сондай-ақ, жанкүйерлер бұл додада Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиді де көре алады. Турнир өтіп жатқан сәтте ол 39 жасқа толады.
Турнирдің ең жасы үлкен қатысушысы ретінде Шотландия құрамасының 43 жастағы қақпашысы Крейг Гордон тарихқа енбек. Әлем чемпионаттарының тарихында одан тек мысырлық Эссам аль-Хадари ғана үлкен болған (ол ЧМ-2018 додасында 45 жасында өнер көрсеткен).
Сонымен қатар, 40 жастан асқан ойыншылардың тізімінде мынадай әлемдік деңгейдегі жұлдыздар бар:
Мануэль Нойер (Германия)
Лука Модрич (Хорватия)
Возинья (Кабо-Верде қақпашысы)
Фернандо Муслера (Уругвай қақпашысы)
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Бұл турнир футбол тарихында тұңғыш рет 48 құраманың қатысуымен ұйымдастырылып отыр. Жасыл алаңға шығатын футболшылардың жалпы саны 1248 адамды құрамақ. Дода осы жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында өтеді.
Тегтер #футбол #чемпионат #әлем чемпионаты #Роналду #Модрич #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz