RU
Толық нұсқаға өту
Жеке мұрағатынан

«Министрдің бағыты бөлек сияқты»: Бибісара Асаубаева Спорт министрлігінің жауабына шүйлікті

11.06.2026, 13:10 134

Шахматтан әлемнің екі дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында Спорт министрлігінің шахматты «басымдық берілмейтін спорт түрлерінің» қатарына жатқызуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «24KZ».

Спортшының айтуынша, мұндай ұстаным Мемлекет басшысының елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған саясатына сәйкес келмейді.

Спорт министрлігінің ресми жауабын мұқият оқып шықтым. “Шахмат басымдық берілмейтін спорт түрлеріне жатады” депті. Шынымды айтсам, бұл сөйлемді бірнеше рет қайталап оқуыма тура келді.

Жақында ғана Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев елдің стратегиялық бағытын нақты айқындап берген еді: “Қуатты ұлттың негізі қуатты зияткерліктен басталады. ХХІ ғасырда басты ресурс шикізат емес, білім болмақ”.

Әлемнің жетекші елдерінде шахмат – жай ғана спорт емес. Бұл – стратегиялық ойлау, зияткерлік капитал және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты нышандарының бірі.

Егер шахмат басымдыққа ие болмаса, онда қарапайым ғана сұрақ туындайды: Президент маған ІІ және ІІІ дәрежелі “Барыс” ордендерін қандай еңбегім үшін табыстады?

Бүгінгі таңда мен әлемдік рейтингте 5-орында тұрмын. Спорт министрлігінің жауабына қарап, мынадай қарапайым қорытынды жасауға болады: бұл елдің зияткерлік болашағының нағыз жанашыры мен инвесторы – шенеуніктер емес, менің ата-анам.

Қазақстанның болашағы зияткерлікпен, біліммен, ғылыммен және адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Бұл жердегі маңызды мәселе – Спорт министрлігінің бұл ұстанымы Президенттің бағыт-бағдарына қаншалықты сай келеді? Өйткені шахматқа деген көзқарас – зияткерлікке деген көзқарас. Ал зияткерлікке деген көзқарас – елдің болашағына деген көзқарас.

Спорт министрінің бағыты мүлдем бөлек сияқты, – деп жазды Бибісара Асаубаева.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz