RU
Толық нұсқаға өту

Әлем чемпионатындағы сенсация: Испания Кабо-Вердені ұта алмады

16.06.2026, 09:46 36

Футболдан әлем чемпионатында алғашқы сенсация тіркелді. Азуын айға білеген Испания құрамасы алғашқы ойындарын сәтсіз бастады.

Олар мундиальға бірінші рет қатысып жатқан Кабо-Вердемен тең ойнап қалды. 2010 жылғы әлем чемпиондары 90 минут бойы қарсылас қақпасының кілтін таба алмай, ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Сондай-ақ осы топтағы Уругвай мен Сауд Арабиясы арасындағы матчта да тең ойын тіркелді. Есеп 1:1. Одан бөлек, Бельгия мен Египет кездесуі дәл сондай есеппен аяқталды. Ал Швеция Тунис құрамасын 5:1 есебімен ойсырата ұтты. Алда жарыс жолына чемпиондықтан үмітті Франция Сенегалмен, Аргентина Алжир құрамасымен кездеседі. Сондай-ақ сенсация жасауы мүмкіндігі жоғары елдерден Норвегия да алғашқы ойындарын өткізеді. Сарапшылар аутсайдерлер арасынан Швеция, Морокко, Өзбекстан құрамалары да біразға барады деп топшылап отыр.    

Қытайдың Гуйян қаласында бокстан әлем кубогы басталды. Ірі халықаралық турнирде ел намысын 17 отандасымыз қорғап жатыр. 

Оның 9-ы ерлер, қалған 8-і әйелдер арасында сынға түсуде. Әзірге 5 боксшымыз турнирді сәтті бастады. 

Әлем кубогы: 5 боксшымыз келесі кезеңге өтті

Бокстан әлем кубогының алғашқы күнінде бес отандасымыз жеңіске жетті. Әуелі ерлерден 60 келіде Серік Теміржанов 1/8 айналымға бірінші болып жолдама алды. Ол неміс боксшысы Денис Брилмен кездесіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Артынша Нұрбек Оралбай 90 келіде Оңтүстік кореялық спортшымен жұдырықтасып, үш рет нокдаунға түсірді. Сәйкесінше, техникалық нокаутпен ұтты. Ал 80 келідегі Сабыржан Аққалықов жергілікті Қытай өкілімен жұдырықтасып, қарсыласын тізе бүктірді. Сондай-ақ аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай америкалық боксшымен кездесіп, төрешілер бір ауыздан жеңісті жерлесімізге берді. Ал әйелдерден 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова ширек финалда ирландиялық спортшыны ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Яғни қоржында кемі 1 қола медаль бар. Өкінішке қарай, 75 келідегі Наталья Богданова жергілікті боксшыға есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Бүгін енді тағы 6 отандасымыз шаршы алаңға көтеріледі.  

Мерей Дінмұхаммедұлы, спорт журналисі:

- Өзбекстан сенсация жасауы мүмкін. Өйткені оларда жоқ дегенде топтан шығуға таласатын қауһар, рух бар. Оған қоса, команда ішінде бапкердің айтқанын бұлтартпай істейтін ойыншылар бар. Олар бапкердің айтқанын дәлме дәл жасай алатын қабілеті бар көргенбіз. Өзбекстан кемінде 1/8 финалға дейін барса таңғалмайық деген ойым бар.     

Ернұр Дүйсенғазы, спорт комментаторы:

- Араға 4 жыл салып, қайта әлем чемпионатына келген Швециядан үлкен үміт күтеміз. Топта Жапония, Тунис, Нидерланд құрамаларымен ойнайды. Жеребе сәтті болды деп айтуға болады. Топтан екінші орынмен шығуға мүмкіндік бар. Команда сапында ағылшын премьер-лигасында топ жарып жүрген Дьекерш, Эланга, Александр Исак секілді топ деңгейдегі клубтардың топ шабуылшылары бар. Осы үшеуі қосылған кезде Швецияға халқына керемет жеңіс сыйлауы керек.

Теннисшілердің рейтингі жаңартылды

Теннистен ерлер мен әйелдердің жаңартылған жаңа рейтингі жарияланды. Еліміздің бірінші ракеткасы саналатын Александр Бублик АТР тізімінде 11-ші орында келе жатыр. Қоржынында 2620 ұпай бар. Әзірге италиялық Янник Синнер 13450 ұпаймен жеке дара көш бастап тұр. Екінші орынға испандық Карлос Алькарас жайғасса, үздік үштіктен жақында ғана Ролан-Гаррос турнирінде топ жарған германиялық Александр Зверев көрінді. Ал әйелдерден Елена Рыбакина әдеттегідей WTA рейтингінде 8143 ұпаймен 2-ші орнын сақтап қалды. Ол көш басындағы Арина Соболенкодан 753 ұпайға артта келе жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz