Қазақстандық балуан Ерсін Балтағұл Париждегі сумо бойынша халықаралық шоу-турнеде өнер көрсетті.
Сумо әлемінде Кинбодзан Харуки атымен танымал жерлесіміз бірнеше белдесуде жеңіске жеткенімен, финалға өте алмады. Жалпы Франция астанасында араға 30 жыл салып ұйымдастырылып отырған сайысқа Жапонияның ең мықты 40 сумошысы қатысты. Ал бас жүлдені жапон балуаны Котодзакура иеленді. Турнирдің мақсаты – шетелдік көрермендерді Жапонияның ұлттық спорт түрінің көне дәстүрлерімен таныстыру. Еске салайық, былтыр Ерсін Балтағұл Император кубогы жарысында екінші орын алып, сумодағы жоғары дәрежелердің бірі – маэгасира атағына ие болды. Сондай-ақ жауынгерлік рухы үшін арнайы марапатпен наградталды. Қазір балуан 2026 жылдың басты чемпионатына дайындалып жатыр.
Ерсін Балтағұл, кәсіби сумо балуаны:
- Осы сайыстың нәтижесі көңілімізден шықпады, бірақ келесі жолғы жарыста жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, соған еңбек етеміз. Негізгі сайыс қыркүйекте басталады. Қыркүйекте басталып, екі апталық жарыс болады; сол жерде маңызды жарыстардың бірі, Токио қаласында өтеді. Соған байланысты қазір жаттығу жиындарын жасап жатырмыз, дайындалып жатырмыз. Әрбір спортшының жоспары сол алтын алу деп ойлаймын. Соған байланысты еңбек етеміз.
Кәсіби сумошыны Парижде отандастарымыз ерекше ықыласпен қарсы алды. Елшілікте кездесу ұйымдастырылып, 28 жастағы спортшы жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап берді. Жапониядағы өмірі, кәсіби сумодағы күнделікті тәртібі мен жаттығулары жайлы әңгімеледі.
Тегтер #Ерсін Балтағұл #Париж #сумо #турнирPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz