RU
Толық нұсқаға өту

Дастан Сәтбаев Лондонға шақырту алды

18.06.2026, 07:10 61

Биылғы түлектерді өз командасында көргісі келетіндер көп. Болатын балаға шетелдіктердің де көзі түскен.

Озат оқушыларға әлемнің белді оқу орындары кезекке тұрып шақырту жіберіп жатыр. ал енді ғана аттестат алып жатқан  «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтбаев алдағы күндері ресми түрде лондондық «Челси» сапына ауысады. Сөйтіп қазақ футболы үшін тарихи сәт жақындап келеді. Дастан Сәтпаев Англияның алпауыт командасымен бірге жаңа дәуірге қадам басқалы тұр. Ол кеше алматылық жанкүйерлерінің алдында соңғы матчын өткізіп, дубль авторы атанды. Жиналған қауым құрметтеп, қошеметтеп шығарып салды.

Дастан Сәтбаевтың есімі кейінгі 2 жылда қазақ футболының басты жаңалығына айналды. Былтыр ақпан айында лондондық «Челси» алматылық «Қайратпен» ойыншының трансфері бойынша келісімге келіп, жалпы құны 4,3 млн еуроға сатып алған болатын. Келісімшарт мерзімі 5 жыл.   

Қайрат Боранбаев, «Қайрат» ФК президенті:

- Бізге «Челсиден» хат келді. Олар осы айдың 29-ы күні Аустралиядағы оқу-жаттығу жиынына аттанады екен. Сондықтан хатта Дастанның 26-сы күні Лондонға келгені жөн деп жазылған. Біз бұл өтінішпен толық келістік. Ешқандай қарсылығымыз жоқ. Ол 21-і күні сырт алаңда болатын бір матчқа қатысуы мүмкін. Әрі қарай 5 күн демалыс береміз. Дастан 26-сы күні анасымен бірге Англияға ұшып кетеді. 

Дастан қысқа уақыт ішінде өз мықтылығын тек қазақстандық емес еуропалық скауттардың алдында дәлелдеді. Оның жарқын ойыны мен дриблингі, жылдамдығы мен гол соғудағы шеберлігі әлемдік клубтардың назарын өзіне аударды. Алайда ең нақты әрі батыл қадамды лондондық «ақсүйектер» жасады.

Мерей Дінмұхаммедұлы, спорт сарапшысы:

- Әйткенімен Хаби Алонсо оған қалай қарайтыны белгісіз. Мадридтік Реалға барып, Эндрикті ойнатпай қойғанын білеміз. Дастан Сәтбаев алдағы уақытта ТОП лиганың өзінде өзін жоғары дәрежеде көрсете алатын әл-ауқаты бар деп ойлаймын. Әлбетте баптапқыда құрамда өнер көрсету көршілес Өзбекстан өкілі Хусанов секілді өзін паш еткізу қиынға соғары анық. Өйткені Хусанов Франция 1-лигасының позициясын сезінді.   

Сәтбаевтың трансфері отандық футбол тарихындағы ең айтулы оқиға. Бұған дейін бірде бір қазақстандық ойыншы ағылшын премьер-лигасының атақты клубымен мұндай келісім жасаған жоқ. Ол былтырғы маусымда ішкі біріншілікте 14 гол соқса, биыл әзірге 6 голмен көзге түсті.       

Тахир Хамрақұлов, спорт сарапшысы:

- Естіп жатырмыз Хаби Алонсо Дастан Сәтбаевты арнайы ертерек жаттығу жиынына шақырды дегенді.  «Челси» көптеген ойыншыларды жинап алып, өзінің қаншама қосалқы командалары бар соларға беріп жібере ме деген ой да бар. Бергеннің өзінде олардың өзінің атақты клубтары бар ғой.

 Солардың біріне барып, Еуропада доп теуіп, тәжірибе жинап,  қайтып келіп ойнауы да әбден мүмкін.

Алда Дастанды жаңа сынақтар, жаңа орта және әлемнің ең үздік футболшылары доп тебетін чемпионат күтіп тұр. Қазақ жанкүйерлері оның «Стэмфорд Бридждегі» дебютті ойынын тағатсыздана күтері сөзсіз.

Авторлары: Мерей Қанапия, Қанат Махмұдов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz