Бокстан әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды «24KZ».
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын отандасымыз ширек финалда Польшаның 25 жастағы өкілі Виктория Рогалинскаямен қолғап түйістірді.
Бірінші раундта жерлесіміз барлық төрешілердің шешімімен сенімді жеңіске жеткенімен, екінші кезеңде бес төрешінің үшеуі басымдықты қарсыласқа берді. Дегенмен, шешуші раундта Назым қайта ширап, арбитрлердің көпшілігінің көңілінен шыға білді.
Жекпе-жек нәтижесі: Назым Қызайбай 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс регламенті бойынша үшінші орын үшін бөлек ұрыстар өткізілмейді. Осылайша, жартылай финалға жолдама алу арқылы Назым Қызайбай Қазақстан құрамасына кем дегенде қола медальді кепілдендірді.
32 жастағы Назым Қызайбай - Қазақстан тарихындағы ең атақты бұрымды боксшы. Оның еншісінде әлем чемпионаттарының бес медалі (оның үшеуі - алтын), сондай-ақ 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі бар.
Айта кетейік, Қытайдағы Әлем кубогында Назым өзінің үйреншікті салмағынан жоғары - 54 келіде бақ сынап жатыр. Ол турнирдегі алғашқы кездесуінде-ақ Париж Олимпиадасының тағы бір қола жүлдегері, Оңтүстік Кореялық Им Э Джиді тас-талқан етіп жеңген болатын.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы үшін алғашқы медальді 80 келіден жоғары салмақта жартылай финалға өткен Дина Исламбекова қамтамасыз еткен еді. Осылайша, Назымның жеңісінен кейін ел қоржынындағы жүлде саны екіге жетті.
Қытай шаршы алаңындағы Әлем кубогының дүбірлі бәсекесі 21 маусымда мәресіне жетеді.
Тегтер #Назым Қызайбай #бокс #Әлем кубогы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz