RU
Толық нұсқаға өту

Футбол клубтарына қатаң талап енгізілді

02.07.2026, 09:19 43

Әр клубтың өз алаңы мен өз манежі болуы керек.

Қазақстан футбол федерациясы Премьер Лигада өнер көрсететін командалар үшін осындай талап қойып отыр. Бұл жөнінде ұйымның атқарушы директоры Бекжан Сафинов мәлімдеді. Оның айтуынша, елдегі ешбір клубта толыққанды өз алаңы жоқ. Сондықтан футбол федерациясы алдағы жылдан бастап қатаң талаптар енгізді. Яғни команда лицензия алу үшін екі алаңға иелік етуі керек. Оның бірі және негізгісі сатып алынған немесе жаңадан салынған толық өлшемді алаңның болуы. Аталмыш стадион жердегі жылыту жүйесімен, автоматты су шашу құрылғысымен, арнайы жарық шамдарымен және VAR жүйесінің технологияларымен қамтылуы қажет. Ал 2029 жылдан бастап әр клубтың жеке манежі болуы міндеттеледі. «Аталмыш өзгерістерді енгізу туралы нақты шешім қабылданды. Енді клубар оны орындауы тиіс» - деді Бекжан Сафинов.

Үш боксшымыз Олимпиадаға қатысады 

Үш боксшымыз олимпиадаға жолдама алды. Бірер айдан кейін бокстан жасөспірімдер арасындағы жылдың басты бәсекесі олимпиада ойындары өтеді. Оны Сенегал астанасы Дакар қаласы қабылдайды. Осы орайда World Boxing ұйымы қатысушылардың тізімін жариялады. Яғни соңғы жарыстарды саралап, ұлдар және қыздар бәсекесі бойынша 10 салмақта 120 боксшыға квота берді. Оның ішінде үш бірдей ұлттық құрама өкілі бар. Атап айтқанда, ұлдар арасында 70 келідегі Бибарыс Әшірбай ел намысын қорғайды. Ал, қыздар арасында 54 келідегі Марал Төлепберген мен 57 келідегі Ақнұр Тұрсынғали жүлдеге таласады. Аталмыш боксшылар наурыз айында Тайланд астанасы Бангкокта өткен лицензиялық турнирге қатысқан еді. Соның нәтижесінде олимпиада жолдамасын алды. Сәйкесінше Африка төрінде де жеңіс жолын жалғап, жанкүйерлерді қуантады деп сенеміз. Дакар қаласындағы Олимпиада ойындары 31 қазанда басталып, 13 қарашаға дейін жалғасады.

Көшпенділер ойындарына дайындық

Көкпардың өз әдістемесі пайда болды. Ұлттық спортымыз бойынша ел намысын қорғайтын жігіттер қазір Алматы іргесінде жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ерекшелігі сол – жабық кешендерде жалпы физикалық дайындықты пысқытауға қатысты жаңа әдістеме жасалды. Оның авторы Азамат Асылбеков. Білікті бапкер бірнеше жыл бойы көкпар спортына қатысты жүктемелерді зерттеп, өзінің дайындық бағдарламасын жасап шығарған. Енді аталмыш жүйемен ұлттық құрамадағы 24 жігітті жаттықтырып жатыр. Олимпиадалық даярлау орталығындағы әзірлік 20 күнге созылады. Одан кейін аттың үстіндегі арнайы дайындық басталады. Айта кетейік, Дүнеиежүзілік көшпенділер ойындары биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады.

Азамат Асылбеков, жаттықтырушы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz