Индонезия астанасында бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді.
Жылдың басты жарыстарының бірі десек болады. Осы орайда Мақсат Бақтыбазаров пен Марат Қырықбаев баптайтын 23 жасқа дейінгі команда және Бақыт Сәрсекбаев пен Жангелді Ахметов баптайтын 19 жасқа дейінгі команда тыңғылықты дайындық жасады. Енді бірте-бірте жолға шығып жатыр. Биылғы Азия чемпионатына 26 елден 430 боксшы қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Қазақстан ең үздік қыз-жігіттерін апарады. Яғни, ел ішінде арнайы іріктеу болды және бірнеше жаттығу жиыны жасалды. Байрақты бәсекеде бас-аяғы 40 боксшымыз жүлдеге таласады. Яғни, барлық салмақ бойынша бақ сынаймыз деген сөз. Жоғарыдағы жас деңгейлері бойынша боксшыларымыз ұлдар арасында да, қыздар арасында да халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр. Дәл солай бұл жолы да жеңіс жолын жалғап, сүйінші жаңалықтарымен қуантады деп сенеміз. Джакарта қаласындағы Азия чемпионаты 3 шілдеде басталады және 16 шілдеге дейін жалғасады.
Қазақ боксшысы жайында пікір білдірді
Жахонгир Зокиров Айбек Оралбайды басты қарсыласы санайды. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін өзбекстандық боксшы арнайы сұхбат беріп, осындай мәлімдеме жасады. Ол кәсіпқой бокста біраз уақыт бақ сынаған еді. Енді әуесқой боксқа оралып, Азия ойындарына дайындалып жатыр. «Кәсіпқой бокс пен әуесқой бокстың айырмашылығы көп. Бірақ, Азия ойындары басталғанға дейін мен қалыпқа келіп үлгеремін. Ол жақтағы басты қарсыласым ретінде Айбек Оралбайды айтар едім», - деді Жахонгир Зокиров. Ал енді тек Азияны ғана емес, бүкіл әлемді алар болсақ, аса ауыр салмақтағы басты қарсыластары ретінде армениялық Давид Чалоянның, испаниялық Дамар Томастың және бразилиялық Жоэль Рамостың есімдерін атады. Еске сала кетейік, қазақстандық Айбек Оралбай мен өзбекстандық Жахонгир Зокиров бүгінге дейін үш рет кездесті. Екі мәрте Айбек жеңді. Бір мәрте Жахонгир басым болды.
Көшпенділер ойындарына дайындық
Жеңіске деген жігер керемет. Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момынов алдағы көшпенділер ойындарына қатысты осындай пікір білдірді. Айта кетейік, ұлттық спорт өкілдері алғаш рет Алматы іргесіндегі олимпиадалық орталыққа жиналып, олимпиада қатысушыларымен тең дәдежеде жаттығу өткізді. Тіпті физикалық дайындықты шыңдауға қатысты арнайы маман шақыртылды. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен өткен жаттығу жиыны 20 күнге созылды. Енді көкпаршылар сәл тынығып, бір аптадан кейін қайтадан Алматыда бас қосады. Яғни аттың үстіндегі негізгі дайындықтар басталады. Жалпы алғанда көшпенділер ойындарына дейін 4 жаттығу жиыны жоспарланған. Алғашқысы осы залдағы физикалық әзірлік. Одан кейін Қазақстанда және Қырғзыстанда атпен дайындық пысқыталады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өзі биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады.
Тегтер #ұлттық құрама #спорт #джакарта #Азия чемпионаты
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz