Қазақстандық дрон-футболшылар кезекті халықаралық бәсекеге дайындалып жатыр. Жуырда АҚШ-тағы әлем чемпионатында топ жарған жерлестеріміз енді Оңтүстік Кореядағы беделді турнирде бақ сынайды.
Елде қарқынды дамып келе жатқан жаңа ойын түрі жастардың қызығушылығын арттырып, ғылым мен спортты ұштастыратын бірегей бағытқа айналды.
Қазақ футболшылары ренжімесін. Олар әлі күнге дейін төртжылдықтың басты додасы саналатын әлем чемпионатына шыға алмай жүр. Бұл дроншылар небір елдерді артта қалдырып, әлем чемпионы болған. Қазір Қазақстан дрон-футболдан кез келген халықаралық жарыста басты фаворит саналады.
Отандастарымыз аз уақытта әлем үздіктері саналатын Оңтүстік Корея мен Жапонияның деңгейіне жетіп алды. Қазір кез келген ел дрон-футболдан Қазақстанмен санасады. Мұнда қатысушылардың жас айырмашылығына байланысты ешқандай шектеу жоқ. Мәселен, өзге елдің намысын әлемдік деңгейде 30-40 жастағы спортшылар қорғаса, ел атынан әлі кәмелетке толмағандар өнер көрсетіп жүр.
Әлихан Рысбай, Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының басшысы:
- Бастапқыда жарыстарға барғанда басқалар бізді қарсылас ретінде көрмеді. Әлсіз команда деп ойлады. Қайдан келгенімізді білмейді. Бірақ жарыстың екінші күнінде бүкіл команда «Қазақстан алға!» деп айқайлап, қолдау білдірді. Мысалы, Мексика, АҚШ бізге өте қатты жанкүйер болып, қолдау көрсетті.
Дрон-футболда тек ұшыруды меңгеру жеткіліксіз. Спортшылар жылдам шешім қабылдап, командалық әдіс-тәсілге негізделген ойын көрсетуі тиіс. Яғни алаңда 2 шабуылшы мен 3 қорғаушы өнер көрсетеді. Олар құрылғыларды жылдам әрі шебер басқарып, қарсыластың қақпасына енгізу керек.
Серік Назридеұлы, жаттықтырушы:
- Ең бастысы командалық ойын. Балалар бір-бірімен жақсы араласу керек. Бір-бірін түсіну керек. Бұл жерде «Мен», «Өзім» жалғыз істеймін деген жоқ.
Допты дронға, аяқты пультке ауыстырғандардың бірі – Саян Әбдіжаппар. Алдағы Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық жарысқа қызу дайындалып жатыр. Болашақта спорттан бөлек еліміздің дрон өндіру саласында үлкен жаңалық ашқысы келеді.
Саян Әбдіжаппар, қатысушы:
- Кореядағы жарыс менің ең бірінші шетелдегі жарысым болғалы тұр. Бұйырса жүлделі орынмен ораламыз деген ниет бар. Қобалжу да бар. Менің басты мақсатым 2 жылда бір болатын әлем чемпионатын жеңу.
Әлихан Рысбай, Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының басшысы:
- Бұған дейін біз 2025-2026 жылдары Қазақстан бойынша 28-ден астам іс-шара өткіздік. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында үлкен додалар ұйымдастырылды. Қатысушылардың арасында топтарды іріктеп, әлем чемпионатына алып жүреміз.
Ұлттық құрама өкілдері шетелдегі жарыстарға өз қаражатымен барып, Қазақстанның намысын қорғап жүр. Демеуші табу қиын дейді сала мамандары. Алдағы уақытта қолбайлау болған мұндай мәселелер өз шешімін табады деген сенімде.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мейрам Жүнісов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #дрон #футболPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz