Мұхиттың арғы жағында футболдан жылдың басты жарысы әлем чемпионаты жалғасып жатыр.
Кеше ең тартысты матчтардың бірі болды. Аргентина және Мысыр құрамалары ширек финал жолдамасын сарапқа салды. Ойынның бірінші бөлігінде мысырлықтар қос гол соқы. Ал екінші бөлігінде Аргентина ойыншалары таразы басын теңестіріп, тіпті алға шығып үлгірді. Қорытынды есеп 3:2. Жеңіске жеткен Аргентина жарысты жалғыстырады. Ал мысырлықтар үшін әлем чемпионаты осымен аяқталды. Енді отандық спортта қандай жаңалықтар бар?
Сегіз боксшымыз ширек финалда
Индонезия астанасы Джакарта қаласында бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күндері сегіз боксшымыз шаршы алаңға шықты және сегізі де жеңіске жетті. Атап айтқанда, 23 жасқа дейінгілер арасында 60 келідегі Нұрасыл Төлебек пен 65 келідегі Асылхан Көшербай қарсыластарын сенімді жеңді. Артынша 19 жасқа дейінгілер арасында 50 келідегі Әділ Асқанбай, 55 келідегі Едіге Нұрғожа, 60 келідегі Досжан Жұмақан, 65 келідегі Ақжүрек Қалабай, 70 келідегі Бибарыс Әшірбай және 75 келідегі Хамза Мақсатұлы жеңіс жолын жалғады. Яғни барлығы да ширек финалға өтті. Енді бүгін қыздар бәсекесі басталады. 6 бірдей бұрымды боксшымыз жұдырықтасады. Атап айтқанда, Гүлназ Бөрібаева, Анита Адишева, Сымбат Әлиасқар, Ұлжан Сәрсенбек, Аяжан Ермек және Аружан Жаңабаева бақ сынайды. Түсіндіре кетейін, бұл ворлд боксинг ұйымының 23 жасқа дейінгі және 19 жасқа дейінгі ұл-қыздар арасындағы Азия чемпионаты. Оған 40 боксшымыз аттанды. Яғни Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Жалпы алар болсақ, байрақты бәсекеге 26 елден 430 боксшы қатысып жатыр. Джакарта қаласындағы Азия чемпионаты 16-шілдеге дейін жалғасады.
Стенд атудан әлем кубогі Youtube.com/issf
Сұрмергендіріміз әлем кубогінің жүлдесіне таласып жатыр. Италияның Лонато-дель-Гарда қаласында стенд атудан байрақты бәсеке басталды. Оған 80 елден 600-ге жуық спортшы жиналды. Бұл қатысушылар саны жағынан өзіндік рекорд саналады. Айтқымыз келгені, араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Бас-аяғы 20 спортшымыз жарысқа араласып, жүлдеге таласды. Әлем кубогі стенд атудың қос бағыты бойынша өтіп жатыр. Яғни скит және трап дисциплтиналары бойынша медальдар сарапқа салынады. Қазақстандық сұрмергендер бұған дейін осындай деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтиже тіркеп, тұрақты жеңіс тұғырынан көрініп келді. Бұл жолы да жүлдеге қол созады деген сенімдеміз. Лонато-дель-Гарда қаласындағы жарыс 13 шілдеге дейін жалғасады.
Жеті әлем чемпионатын қабылдаймыз
Бір жыл ішінде жеті әлем чемпионатын қабылдаймыз. Барлығы да Астанада өтеді. Яғни елордамыз әлемдік спорт орталығына айналады деген сөз. Тізімде бокс, дзюдо, таеквондо және үстел теннисі сияқты олимпиадалық бағыттар бар. Оның үстіне Лос-Анджелес олимпиадасы алдында рейтинг жинап, лицензия иемденер маңызды жарыстар саналады. Бокстан әлем чемпионаты 2027 жылдың сәуір айында, үстел теннисінен әлем чемпионаты мамыр айында, дзюдо маусымда және таеквондо шілдеде өтеді. Бұған қоса 2027 жылдың басында шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын қабылдау жоспарланып отыр. Бұған қоса олимпиадалық бағытқа жатпаса да, кейінгі кезде кеңінен дамып, жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие болған киберспорттан әлем чемпионаты да Астанада ұйымдастырылады. Әзірге уақыты жарияланбады. Тағы бір айта кетерлігі, күрес түрлері бойынша дүниежүзілік дода да бізде өтеді. Оны биыл қазан айында қабылдаймыз.
Тегтер #Аргентина #футбол 2026 #жеңіс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz