Қарағандылық оқушы FPV-дрондар жарысында үздік нәтиже көрсетті. 13 жастағы Тимофей Муравьёв әлемдік рейтингте 12-орынға көтерілді. Ол Алматыда өткен халықаралық MultiGP іріктеу кезеңінде Қазақстан пилоттары арасында ең жоғары нәтиже тіркеді, деп хабарлайды «24KZ».
Жарысқа Қазақстан мен Ресейден 26 спортшы қатысты. Турнир FPV-дрондар жарысын ұйымдастыратын әлемдегі ең ірі MultiGP платформасының ережесімен өтті. Қатысушылар бірыңғай трассаны уақытқа бағындырып өтіп, нәтижелері халықаралық рейтингке енгізілді.
Қазір әлемдік рейтингте 600-ден астам нәтиже тіркелген. Тимофей Муравьёв 12-орынға жайғасып, қазақстандық пилоттар арасындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ ол жарыста ресейлік тәжірибелі спортшыларды да басып озды.
Биыл жас спортшы бірнеше санат бойынша топ жарып, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанды.
Енді қарағандылық жасөспірім Әлем кубогының кезеңдерінде бақ сынап, АҚШ-та өтетін MultiGP чемпионатының финалына берілетін жолдаманы жеңіп алуды мақсат етіп отыр. Аталған финалға әлемдік іріктеу қорытындысы бойынша үздік 64 пилот қатысады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Қарағанды #дрон #жарыс #MultiGPPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz