RU
Толық нұсқаға өту

Еурокубок ойындары сәтті басталды

10.07.2026, 09:50 45

Қазақстандық жеңіл атлет жастар арасындағы азия чемпионатының финалына шықты. Қытайда өтіп жатқан жарыстың алғашқы күнінде Екатерина Пузырева 100 метрге жүгіруден сынға түсіп, ақтық кезеңге жолдама алды.

Ол бірінші айналымда 12,31 секунд уақыт нәтижесін тіркеп, 7-орыннан көрінді. Сәйкесінше жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. 

Футболдан отандық клубтар конференция лигасындағы алғашқы ойындарын сәтті бастады. Мәселен, еурокубоктік матчта дебют жасаған семейлік “Елімай” сырт алаңда 1 ұпай олжалады. Олар алғашқы іріктеу кезеңінде еревандық “Алашкерт” командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасты. Ойынның 60-шы минутында Арсен Әлібек есеп ашса, 86-шы минутта алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Енді қарымта матч 16 шілде Семейде өтеді. Екінші айналымға өткен клуб румыниялық “ЧФР Клужбен” жолығады. Ал конференция лигасында ойнайтын екінші командамыз “Астана” болса сырт алаңда албаниялық “Динамо Тирана” командасымен  кездесіп, жеңіске жетті. Есеп 1:0. Жалғыз голдың авторы – Рамазан Каримов. Қарымта матч 16 шілде елордада өтеді. Айта кетейік, күні кеше алматылық “Қайрат” чемпиондар лигасындағы алғашқы іріктеу кезеңін жеңіспен бастаған еді.    

Франция жартылай финалға шықты

Футболдан Франция құрамасы алғаш болып әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. ¼ айналымда Дешам шәкірттері Мароккомен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтың 60-шы минутында Килиан Мбаппен есеп ашса, араға 6 минут салып, Усман Дембеле есепті еселеді. Әлемнің 2 дүркін чемпиондары осыған дейін Швецияны, артынша Парагвайды жарыс жолынан шығарған еді. Енді жартылай финалда Испания мен Бельгия арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі.

Дидье Дешам, Франция құрамасының бас бапкері: 

- Бізге алғашқы таймда тиімді, нәижелі ойын жетіспеді. Алдымен пенальтиді мүлт жібердік, артынша бірнеше гол соғатын мүмкіндікті пайдалана алмадық. Соған қарамастан футболшыларым жақсы ойнады. Әсіресе Килианның өзіне деген сенімі мықты болды. Жалпы ойын барысында қарсыластың қарқынын бәсеңдету үшін оларды үздіксіз қысымға алып, көп жүгіруге мәжбүрледік. Соның нәтижесінде марокколықтар екінші таймда әбден қалжырап, қарқынын жоғалтып алды.      

Килиан Мбаппе, Франция құрамасының капитаны:

- Бұл – біздің сапарымыздың алғашқы қадамы ғана. Ендігі кезең – осы уақытқа дейінгі ең күрделі сынақ болары сөзсіз. Дегенмен біз оған толық дайынбыз және кез келген қиындыққа төтеп беруге әзірміз.

Бүгін Испания мен Бельгия құрамасы кездеседі

Сондай-ақ бүгін түнгі 12 де Испания мен Бельгия кездеседі. Екеуі бұған дейін 22 рет жолыққан. Оның 12-сінде испандар жеңіске жетсе, 4-уінде бельгиялықтар басым түскен және 6 рет тең тарқасқан.

Ернұр Дүйсенғазы, спорт комментаторы:

- Менің ойымша басты фаворит Испания құрамасы. Басты фаворит Испания құрамасы. Соңғы еуропа чемпиондары араға 16 жыл салып, чемпион боламыз деп келе жатыр. Себебі 2010 жылғы құрам мен қазіргі құрамды салыстырғанда біркелкілікті байқауға болатын секілді.

Юлия Путинцева жартылай финалда

Юлия Путинцева Швециядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Еліміздің екінші, әлемнің 84-ші ракеткасы саналатын жерлесіміз ширек финалда аустралиялық теннисшімен кездесіп, жеңіске жетті. Есеп 2:0. Қос сет қорытындысы бойынша 6:2, 6:3 есебі тіркелді. Ойын 1 сағат 16 минутқа созылды. Енді ақтық кезең жолдамасын испаниялық спортшымен сарапқа салады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz