RU
Толық нұсқаға өту

FIFA – 2026 ширек финалы: Бельгия-Испания

11.07.2026, 17:20 33

Лос-Анджелестегі әлем чемпионатының ширек финалында Бельгия мен Испания командалары кездесті. Мегаполистегі футбол мерекесі тек стадион маңымен шектелген жоқ.

Жарыс кезінде қаладағы ресми фан-аймақтар әр үш-төрт күн сайын жаңа ауданға көшіп отыруды ұйғарған. Ұйымдастырушылар осылайша ойын атмосферасын қаланың бүкіл ауданына таратуды көздепті. Бұл тәсіл көлік қозғалысын реттеуге де сеп болған. Әр алаңда үлкен экраннан матчтар көрсетіліп, концерттер, мәдени бағдарламалар мен жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 

Бұл құны 5 млрд доллар болатын Лос-Анджелес стадионы. Осында футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Испания мен Бельгия құрамалары кездеседі. Дүниежүзіндегі ең ірі екіжақты аспалы LED экраны бар аренаға ойынды тамашалау үшін 70 мың көрермен келеді.

Ал билет алып үлгермегендер Лос Анджелестің көшпелі фан-аймақтарына бара алады. Қаланың он шақты жеріндегі бақтар, ашық алаңдар мен демалыс орындары арнайы таңдалып, әр 3-4 күн сайын өз аумағында футбол мерекесін ұйымдастырып келеді. Сол арқылы түрлі ұлт пен ұлысқа бай мегаполис жергілікті аудандардың мәдениетін, төл тағамдарын  ұсынып, алып экраннан ойынды көрсетті. Фан аймақтардың бір жағы қоғамдық ұйымдар жәрмеңкесіне ұласып жатса, тағы бір жағында аладоп бәсекесі үшін түрленген автобустар жұртшылықты қуантып жатты. Көлік ішіне орнатылған салқындатқыш, мониторлар мен  футбол алаңындағыдай жасанды шөп төсемесі шілденің шіліңгірінде көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Лан-Чи Ләм, Қалалық қоғамдық көлік жүйесінің маманы:

- Біз жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, әлем чемпионатына арналған арнайы автобустар желісін жасадық. Іші-сыртын әдемі етіп безендірумен шектелмей, ыстықтан паналайтын салқындату орны ретінде де қолданып жүрміз. Қазір мұндай төрт автобус Лос-Анджелестегі барлық FIFA фан-аймағын аралап жүр. Ал әлем чемпионаты аяқталған соң, олар қалалық қоғамдық көлік ретінде қызмет етеді.

Ұйымдастырушылардың бағалауынша, әлем чемпионаты Лос-Анджелес округінің экономикасына шамамен 900 миллион долларлық серпін беруі мүмкін. Алып шаһар бұл жолы да 1994 жылғы додадағыдай, әлем чемпионатының сегіз матчын қабылдады. Бельгия-Испания арасындағы матч солардың соңғысы болды. Ширек финал бәсекесіндегі ойыннан соң, біз де жанкүйерлерді сұхбатқа тарттық.

Кэйла, Испания командасының жанкүйері:                                 

- Командам үшін қатты қуаныштымын. Бұл – менің алғашқы әлем чемпионатым. Оның үстіне сүйікті құрамам келесі кезеңге өтті. Әлем чемпионатының атмосферасын өз көзіммен көріп, командамды осында қолдап тұрғаныма әлі де сене алар емеспін. Керемет әсер!

Клаудия, Бельгия командасының жанкүйері:

- Жеңеміз бе деп келіп,  жеңілген соң қатты жыладық. Көзімнен де көрініп тұрған шығар. Бірақ ештеңе етпейді, бұл сәтті де өткереміз. Келесі әлем чемпионатында жеңіс біздікі болады!

Әлем чемпионатының атмосферасы қыза түскен дәл осы көшелер екі жылдан кейін Жазғы Олимпиада ойындарының жанкүйерлерін қарсы алады. Сондықтан бүгінгі футбол додасы Лос-Анджелес үшін тек әлем чемпионаты емес, 2028 жылғы жаһандық спорт жарысы алдындағы үлкен дайындық әрі сынақ іспеттес.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шэнь

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz