Футболдан Испания құрамасы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Луис де ла Фуэнте шәкірттері 2:0 есебімен Француздардан басым түсті. Жұрт мақтаған Мбаппе мен Олисе және Дембелелер дым бітіре алған жоқ. Бүгін Испанияның қарсыласы белгілі болады.
Кеше Мадрид қаласында мыңдаған жанкүйер таңға дейін жеңіс тойын тойлатты. Жалауын желбіретіп көшеге шыққан жұрт барлық өкпе-реніштерін ұмытып, танысын танымасын бір-бірін құттықтап мәре-сәре күй кешті. Испан халқын осылай шаттыққа бөлеген футболшылар еді. Олар айдарынан жел ескен Француздарды сан сақтырып дүниежүзілік доп додасының финалына жолдама алды. Чемпиондық тәждің де ауылы алыс емес. Қызыл фурия дәл кешегідей жұмыла кіріссе алынбайтын қамал жоқ. Жанкүйерлердің қолдауы да күш-қуат беретіні анық. Қазір футбол фанаттарының да арман мақсаты бір арнада тоғысқан. Реал, Барселона болып бөлінбейді. Олардың тілегі біреу ғана. Қалайда Испанияны жеңіс тұғырынан көру. Сол үшін тақым қысып таңға дейін ұйықтамауға бар. Ал осындай адал жанкүйерлерге аброймен қайту үшін Испания футболшылары да аянып жатқан жоқ.
АҚШ
Атлантадағы айқас
Бүгін Испанияның қарсыласы белгілі болады. Футбол жанкүйерлері Англия мен Аргентина кездесуін асыға күтіп отыр. АҚШ-тың Атланта қаласында өтетін айқаста кімнің асығы алшысынан түсерін болжау өте қиын. Өйткені екі команданың да жеңістен дәмесі зор. Екеуі де екі құрлықтың мықтылары. Дүниежүзілік доп додасында да сан мәрте жолдары түйіскен. Бірде Ағылшындар айласын асырса, енді бірде Аргентинаның тасы өрге домалады. Бір кездері Батистута мен Бэкхемдер тірессе, бүгін Месси мен Кейндер керіседі. Қысқасы қарсыластар тек жетудің ғана жолын іздейді. Жолдама жалғыз. Оның кімге бұйырарын енді санаулы уақыттардан кейін білеміз.
ФРАНЦИЯ
Тур де Франс 2026
Дәл осы күндері Тур де Франс көпкүндігі өтіп жатыр. Велошабандоздардың айтулы жарысы дүнижүзілік доп додасының көлеңкесінде қалып қойғандай. Кеше үміткерлер 10-шы кезеңді артқа тастады. Орийак пен Ле-Льеоран қаласын жалғаған бұл кезеңде Словенияның 4 дүркін чемпионы Тадей Погачар алдына жан салмады. Ол 166, 6 шақырымды 3 сағат 58 минут 8 секундта жүріп өтті. Тадей кезең жеңімпазы ғана емес жалпы есептің де көшін бастады. Енді Погачар сары жейдені ешкімге бермеуге тырысады. Тур Де Франста Астана командасы да бар. Бірақ жекелей және жалпы есептегі жағдайы мәз емес. Велобәйге 26 шілдеге дейін созылады.
Тегтер #Испания #әлем чемпинонаты #24KZ #футбол 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz