RU
Толық нұсқаға өту

Әлем чемпионаты: Аргентина финалға шықты

16.07.2026, 09:40 51

Асыл Айтақын Будапешттегі рейтингтік турнирде топ жарды.

Еркін күрес шебері алғашқы айналымда әзірбайжандық спортшыны 9:0 есебімен ұтып, жарыстан шығарса, жартылай финалда үндістандық балуаннан басым түсті. Есеп 2:1. Ал ақтық кезеңде Түркия өкілімен белдесіп, алтыннан алқа тақты. 

Футболдан Аргентина құрамасы әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Атлантадағы Англияға қарсы айқас оңтүстік америкалықтардың пайдасына аяқталды. Есеп 2:1. Ойынның 55-ші минутында ағылшындар сапынан Энтони Гордон есеп ашса, 85 минутта Энцо Фернандес таразы басын теңестіріп кетті. Артынша төреші қосқан қосымша минутта Лаутара Мартинес баспен гол соғып, Аргентинаны алға шығарды.

Лаутаро Мартинес, Аргентина құрамасының шабуылшысы:

- Ант етейін, мен бұл голды түсімде көргенмін. Мак Аллистерге гол салатынымды айттым. Тіпті қосалқы құрамдағы Факундо Мединаға да алаңға шығып, жеңіс сыйлайтынымды айтқанмын. Дәл солай болды. Энцо да керемет гол соқты. Ағылшындар шаршап қалды. Олар 60 минут бойы жоғары қарқынмен ойнап, прессинг жасады. Содан қорғанысқа шегінуге мәжбүр болды. Сәйкесінше, біз допты еркін пайдаланып, жеңіске жеттік.

Лионель Скалони, Аргентина құрамасының бас бапкері:

- Әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл жеңіс командамыз бен жанкүйерлерімізге үлкен қуаныш сыйлады. Олар мені таңғалдырудан жалықпайды. Әр футболшымның алаңдағы ойынын сөзбен сипаттау қиын. Біз ерекше ұжымбыз. Енді финалда бар күш-жігерімізді саламыз.

Осылайша, Месси бастаған футболшылар финалда Испанияға қарсы ойнаса, Англия мен Франция 3-орынға таласады. Матч 18 шілде түнгі 02:00-де басталады. Ал финалдық ойын 19 шілде түнгі 00:00-ге жоспарланған.

Харри Кейн, Англия құрамасының шабуылшысы:

- Матчтың басым бөлігінде біз жақсы ойнадық. Ұтып жатқаннан кейін осы басымдықты сақтап қалуға ғана қатты мән бердік. Қазір ішім алай-дүлей. Осы кезеңге өту үшін қаншама еңбек еттік. Жігіттер бар күш-жігерін, маңдай терін тіпті жанын салды. Әттең, осылай аяқталғаны өкінішті.

Томас Тухель, Англия құрамасының бас бапкері:

- Бұл ойынды милиондаған бапкер талқылауы мүмкін. Бірақ алаңдағы шешімді қабылдайтын – мен. Матчты өзім қалаған тәсілмен өткіздім. Сол үшін жауапкершілікті толық өз мойныма аламын. Қабылдаған шешімдеріме өкінбеймін. Команда барын салып, жоғары деңгейде ойнады. Өкінішке қарай істі соңына дейін жеткізе алмадық.       

«Қайрат» чемпиондар лигасының 2-кезеңіне өтті

«Қайрат» чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты. Алматылық ұжым сырт алаңда Черногорияның «Сутеська» клубымен кездесіп, жеңіске жетті. Есеп 2:0. Ойынның 68-ші минутында Исмаил Бекболат гол соқса, 82-ші минутта Жоржиньо пенальти теуіп, есеп айырмасын ұлғайтты. Айта кетейік, Алматыда өткен алғашқы ойында 2:1 есебі тіркелген болатын. Жалпы есеп 4:1. Енді «Қайрат» чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубымен кездеседі. Бірінші ойын 22-ші шілде сырт алаңда ойнаса, қарымта матч 29-шы шілде Алматыда өтеді.

Дастан Сәтбаев жақында дебют жасауы мүмкін

Дастан Сәтбаев «Челси» сапында дебют жасауы мүмкін. Жақында отандасымызды маусым алдындағы жолдастық кездесулерде алаңнан көрсеңіз таңғалмаңыз. Лондондық клуб 19 шілде «Кроули Таун» командасымен жабық футбол ойнаса, 23 шілдеде «Бромлиге»  қарсы матч өткізеді. Дәл қазір Дастан «Челсидің» негізгі ойыншыларымен бірге оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Бас бапкер Хаби Алонсо жақында Дастанның болашағына қатысты нақты шешім қабылдайды. Жас шабуылшының келісімшарты 12 тамызда яғни 18 жасқа толған күні ресми күшіне енеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz