Ертең футболдан әлем чемпионаты аясында Англия мен Франция құрамалары қола жүлдеге таласады.
Қос команда тарихта 42 рет кездескен. Оның 24-інде ағылшындар жеңіске жетсе, 12-сінде француздар басым түскен және 6 мәрте тең тарқасқан. Ойын ертең түнде Астана уақытымен 02:00 де басталады.
Қазақ баласы «Барселона» ойыншысы атанды
Қазақ баласы ресми түрде “Барселона” ойыншысы атанды. 15 жастағы Кәрім Меңдіқанов мансабын атақты “Ла Масия” академиясында жалғастырады. Ол бұл жаңалықты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оралдық өрен каталониялық клубпен 3 жылдық келісімшартқа отырған. Отандасымыз өткен маусымда “Серданьола” сапында өнер көрсетіп, кейін “Сан-Кугат” командасына ауысқан болатын. Аз уақыт ішінде клубтың негізгі ойыншыларының біріне айналды.
«Астана» мен «Елімай» іріктеуден өте алмады
Футболдан “Астана” мен “Елімай” клубтары еурокубоктегі жолын аяқтап, конференция лигасынан шығып қалды. Мәселен, елордалық команда өз алаңында албаниялық “Динамо Сити” ұжымымен кездесіп, ойсыра жеңілді. Қорытынды есеп 4:1. “Астана” сапынан Бауыржан Исламхан есеп ашқанымен артынша бір ойыншымыз қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Сол мүмкіндікті пайдаланған қонақтар 4 гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. Алғашқы сырт алаңда өткен матчта жерлестеріміз 1:0 есебімен ұтқан болатын. Алайда 2 ойын қорытындысы бойынша 2:4 есебі тіркелді. Сондай-ақ семейлік “Елімай” да еурокубоктегі дебютін сәтсіз аяқтады. Олар армениялық “Алашкерт” клубымен кездесіп, екі ойында да 1:1 есебі тіркелді. Жеңімпаз пенальти серясында анықталды. Онда қонақтардың жолы болып, 6:5 есебімен жеңіске жетті. Осылайша 2 бірдей қазақстандық клуб конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен өте алмады.
«Қайрат» 350 мың еуро табыс тапты
Футболдан “Қайрат” клубы қомақты қаржыға ие болды. Чемпиондар лигасы аясында 350 мың еуро пайда тапқан. Бұл шамамен 190 миллион теңге . Яғни алғашқы іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін 175 мың еуро алса, екінші айналымға өткені үшін тағы дәл сондай сомаға кепілдік берілген. Айта кетейік, алматылық “Қайрат” бірінші кезеңде Черногорияның “Сутеська” клубын қос ойын қорытындысы бойынша 4:1 есебімен ұтты. Екінші іріктеу айналымында Кипрдің “Омония” командасымен кездеседі. Алғашқы матч 22 шілде сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 29 шілде Орталық стадионда өтеді.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шықты
Жібек Құламбаева теннистен Румыниядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Отандасымыз жұптық сында армениялық Алина Чараевамен бірге өнер көрсетіп, ресейлік және испаниялық дуэтті жарыстан шығарды. Есеп 2:0. Қос сет қорытындысы бойынша 6:2, 7:5 есебі тіркелді. Енді аталған жұп финалдық жолдаманы турнирдің бірінші ракеткалары саналатын бельгиялық және ресейлік теннисшілермен сарапқа салады.
Тегтер #футбол 2026 #қола жүлде #Франция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz