Дзюдодан Қазақстан жастар құрамасы Макаода өткен Азия кубогы жолындағы жарыста 3 алтын 3 күміс 3 қола жүлдеге қол жеткізді.
Ерхан Мұрат пен Нұрлан Исатаев және Архат Өтегендер жарыс жеңімпазы атанса, Абылай Алмабек пен Айымзада Думанқызы және Әлішер Слямжановтар күміс, ал Жанәділ Абай мен Аниса Иботолла сондай-ақ Али Тұрсынбек қола жүлде иеленді.
Сәтпаев сәтті бастады
Бүгін қазақ футболының жанкүйерлері бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Оған себеп Дастан Сәтпаев Челси сапындағы алғашқы голын соқты. Осылайша, қазақ ұлдарының да доп тебе алатынын Дастан дәлелдеп берді. Рас, бұл жолдастық кездесу ғана. Дегенмен негізгі құрамнан орын алған Дастан, бас бапкер Хаби Алонсоның көзіне түсе алды. Ол тек гол соғып қана қойған жоқ, Дариудың гол соғуына да жағдай жасап берген болатын. Естеріңізге салайық, Лондонның Челси алғашқы оқу-жаттығу жиынын жасыл құрлықта яғни Австралия жерінен бастады. Бүгін жергілікті Сидней Уондерерс командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Есепті Сәтпаев ашқан болатын. Қазақ футболшысы матчтың 63-ші минутына дейін алаңда болды. Одан кейін бас бапкер 10 ойыншыны алмастырды.
Әскерилер Әубәкіров жарысында бақ сынады
Астанадағы Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері арасында, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған волейбол турнирі өтті. Бұл жарысқа 9 команда қатысып жүлделі орындарды өз ара сарапқа салды. Спорт – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. «Ол шыдамдылықты, тәртіпті, ұйымшылдықты қалыптастырып, жауынгерлік рухты нығайтып және салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосады», – дейді ұйымдастырушылар.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:
– Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – халқымыздың мақтанышы, Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісі. Оның өмір жолы бүгінгі әскери қызметшілер үшін нағыз өнеге. Сондықтан осындай тұлғаның мерейтойына арналған турнирдің ұйымдастырылуы – оған деген құрметтің ғана емес, жас ұрпаққа тағылым берудің де жарқын көрінісі. Мұндай жарыстар ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, әскери ұжымдағы бірлік пен жауынгерлік рухты арттыруға ықпал етеді.
Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша үшінші орынды Қарулы күштердің ардагерлер командасы иеленді. Екінші орын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің командасына бұйырса, Генералдар құрамасы турнир жеңімпазы атанды.
Зидан іске кірісті
Футболдан Франция құрамасының тізгінін Зинеидин Зидан ұстайтынын жұрт күн ерте білді. Бірақ жергілікті футбол федерациясы бүгін ресми түрде тізгінді Зизудың қолына берді. Журналистер бірден Зиданды сұрақтың астына алды. Мен Реалдан кеткен соң көптеген клубтар ұсыныс тастағаны рас. Алайда бәрінен бас тарттым. Өйткені тек қана Франция құрамасын жаттықтырғым келді. Сонымен қатар осы командамен биік белестерді бағындыру менің арманым. «Енді сол арманға қол жеткізу үшін барымды саламын», - деп ағынан жарылды. Зиданмен келісім шарт 4 жылға жасалды. Зизу баптайтын Франция алғашқы кездесуін қыркүйек айында ұлттар лигасы аясында сырт алаңда Түркиямен өткізсе, 2-ші қазанда Стад де Франс стадионында Италияны қабылдайды.
Тегтер #дзюдо #жастар құрамасы #Азия кубогі #жарысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz